АҚШ коронавирус пандемиясымен күреске 6 триллион доллар бөлу туралы шешім шығарды.

Егер Сенат бұл бастаманы қолдаса, әрбір отбасыға 3 мың доллардан бөлінеді. Сонымен қатар қаржының қалған бөлігі әуе компаниялары мен шағын және орта бизнеске көмек көрсету үшін жұмсалмақ.

АҚШ президенті Дональд Трамп: «Америка жақын күндері бизнес үшін есігін қайта ашады. Ол үш-төрт айға созылмауы керек. Иә, жұқпалы аурудан қаншама адам ажал құшып жатыр. Дегенмен, егер экономикалық дағдарысқа тап келсек, құрбандар саны вирустан да екі еселенбек. Сол үшін Пасха мерекесіне қарай өндіріс іске қосылса дұрыс болар еді», – дейді. Ақ үй басшысы Пасха мерекесіне қарай, яғни 12 сәуірден кейін шекараны ашқысы келетінін айтты. Сондай-ақ өндірісіті қайта іске қосып, тұрғындарды жұмыс істеуге шақырды.

Қазіргі уақытта қауіпті індет әлемнің 150-ден астам еліне тарап, 423 898 адам вирус жұқтырған. Қайтыс болғандар саны – 18 926, ал дерттен айығып шыққандар саны – 109 179 адам. Америкада 53 мыңнан астам адам дертке шалдығып, 784 адам ажал құшқан. COVID-19 Нью-Йорк, Нью-Джерси, Калифорния, Вашингтон, Мичиган, Иллинойс және Флорида шттатарында тіркелген. Өлім-жітім Нью-Йоркта көп. Онда вирус 210 адамның өмірін жалмаған.

"The Qazaq Times"