Қытайда коронавирустан қаза тапқандар саны 908-ге жетті.

Олардың 6 мыңнан астамы ауыр халде жатыр. Тағы 29 мыңнан астам кісі індет жұқтырған деген қауіппен тіркелді. 2 600-дей адам жазылып шықты деседі. Ауруға шалдыққандармен байланысқа түскен 300 мыңнан астам тұрғын бақылауға алынған. Жұқпалы індеттің Еуропаға кеңінен таралу қаупі күшейді. Францияның Контамин-Монжуа тау курортында Сингапурге барып қайтқан британдық азаматтан 7 адам қауіпті вирусты жұқтырғаны анықталды, оның бірі – бала.

Оқиғаға байланысты француз билігі 2 мектепті жауып, тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Франция денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жером Саломон:

- Індетті жұқтырған баламен байланысқа түскен жасөспірімдердің алғашқы тобын тексердік. Бүгін, ертең тағы 25 бала қаралып, дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болған өзге де адамдарды тексеретін боламыз, - деді.

Осылайша, Францияда коронаваирусты жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. Қытайдың Ухань қаласынан тағы 35 азаматын арнайы ұшақпен алып қайтты. Олар Францияның оңтүстігіндегі әскери базаға жеткізілді. Бұл – Францияның Уханьнан өз азаматтарын қайтару бойынша үшінші рейсі.

“The Qazaq Times”