17 қыркүйек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2 миллион қазақстандыққа АӘК тағайындалғанын, оның  40%-ын көпбалалы отбасылар құрайтынын мәлімдеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстан халқының кедейленуін көрсетеді. АӘК тағайындалғанға дейін  1,7 миллион немесе 9,3%  қазақстандық кедейшілік шегінен сәл ғана артық мөлшердегі күнкөріс минимумынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген.

Азаматтың табысы үкімет бекіткен ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерлемесіне жетпесе, онда оның әлеуметтік сатусы кедей сипатымен бағаланатыны белгілі. Демек, кедейшілік деңгейі дегеніміз өзінің өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жағдайының жетіспеуі немесе негізгі тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыру мүмкіндіктерінің болмауы. Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтеру қаралып жатқанын айтып еді. Қазіргі таңда ресми дерек бойынша кедейлік шегіндегі азаматтардың табысы 15 991  теңгені немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2019 ж. тамыз айы 31 982 ₸) 50%-ын құрайды.

Алдыңғы жылы, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі  Ато Браун БҰҰ бекіткен стандарттары негізінде Қазақстанда кедейлер үлесі 19%-ға жетті деп дабыл қағып еді. Бұл әрбір бесінші қазақстандық кедейшілікте күн кешуде деген сөз.

Осыған дейін бұл туралы Мәжілісінің депутаты Гүлнар Иксанова:

– Халықаралық еңбек ұйымының мамандары кедейлікті ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептейді. Ал БҰҰ сарапшыларының пікірінше, әр адам күніне тек 5 доллар тапса, бұл кедейлік болып есептеледі. Ал біздегі табыс көрсеткіші 1,2 доллардан аспайды, – деген болатын.

Биыл ақпан айындағы астаналық әлеуметтік осал отбасында болған трагедиядан кейін бас көтерген қазақстандықтар билік жүргізіп отырған әлеуметтік саясатқа көңілі толмайтынын айтып, елдің әр аймағында ондаған шеру-жиындар өткізген болатын. Экс-президент Н.Назарбаев іле-шала жыл басында Сағынтаев бастаған үкіметті «халықтың жағдайын жақсарта алмадыңдар» деп сынап, таратқан еді. Содан соң сәуірден бастап тұрмысы төмен, табысы шай-пұлынан артылмайтын отбасылардың әр баласына АӘК (атаулы әлеуемттік көмек) тағайындалды. Заңнамаға сәйкес отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленетін болып шешілді.
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы уақытқа дейн АӘК 2 млн 87 мың 400 адамға (405 мың 600 отбасы) тағайындалғанын мәлімдеді. Оның 62,4%-ы, яғни 1 млн 302 мың 500-і – балалар екен.

ҚР ведомствосының Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті басқармасының басшысы Аяжан Жанғабылова:

– АӘК алатындардың шамамен 40% көпбалалы отбасылар (161,6 мың отбасы немесе 1 млн 71,6 мың адам) құрайды. АӘК алушылардың ең көп саны елдің оңтүстік өңірлеріне келеді, онда барлық алушылардың 67% астамы шоғырланған. Ағымдағы жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша АӘК-ті белсенді алушылардың саны 335 мың 200-ден астам отбасы немесе 1 миллион 733 мың адам, оның ішінде 1 миллион 487 мыңы – балалар. Сондай-ақ 2019 жылы АӘК төлеуге 204 млрд 500 млн теңге көзделген, оның 186 млрд 100 млн теңгесі республикалық бюджеттен және 18 млрд 400 млн теңгесі жергілікті бюджеттен. Қазірге дейін 144 млрд 300 млн теңге төленді», – дейді.

Жоғарыдағы ақпарларға қарап мамандар қымбатшылық күн санап бүйірінен қысқан Қазақстан халқының тек «3%-ына ғана жуығы кедей» деген ресми статистиканың жалған  екенін айтады. 1 733 000 азаматтың айлық табысы 20789 теңгеден аспағандықтан  жаңа заң бойынша 21 мың теңгелік АӘК беріліп жатыр. Демек осынша адам кедейлене түскен деген тұжырым жасауға болады. Статистика комитетінің 1 сәуірдегі дерегі бойынша Қазақстандағы 18 447 628 адамның 1 733 000-ының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де  (2019 ж. наурыз айы бойынша 27 111 ₸) аз болған. Яғни ресми есептегі 3%-дық кедей контингенттен бөлек АӘК тағайындалғанға дейін  2 миллионға жуық немесе 9,3%  қазақстандық күнкөріс минимунынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген.

Бұл санақ ел болашағына алаңдаушылық тудырары сөзсіз. Күнкөріс минимумы – кедейлік деңгейіне апарар ақырғы қадам. 21 мың теңгелік АӘК-гі мұқтаж болу – 15 мың теңге көлеміндегі кедейлік шегіне жақын көрсеткіш. Айына бар-жоғы 15 мың теңге жаратқан адамды кедей емес, «сіңірі шыққан қу кедей» деген жөн болар. Кедейлік деңгейі көтерілер болса, әлі талай қазақстандық тігерге тұяғы жоқ кедейлер санатына еніп кетуі мүмкін. Бірақ  пайыздық көрсеткіштің ұлғаюынан жүрексінетін билік мұны қолға ала қоюы екіталай. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ел ішіндегі наразылықтың өрши түсуі, синофобияның күшею себебі де әлеуметтік теңсіздік, өмір сүру стандарттарының қымбаттап, орташа табыстың ортаюынан. Мемлекеттік экономиканың жүрегі орта тап табысының күнкөріс деңгейіне дейін құлдыруы үлкен қатерге алып келеді.

"The Qazaq Times"