Д.Назарбаева Азия елдерінің арасында ортақ «Silk viza» шенген визасын құруды ұсынды. Осыған қатысты нақты ұсыныс Үкіметке Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі Комитет мүшелерінің кездесу қорытындысы бойынша жберіледі. Бұл туралы Сенат комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Өзбекстанның сенаторлары кедендік реттеуді жетілдіру, сауда айналымын арттыру және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты. «Ашық әрі жолдастық шекара құру керек. Сол кезде барлық сала өздігінен реттеледі», - деді Д.Назарбаева. Оның айтуынша, бұл үшін кедендік істердің бәрін бірыңғайлау керек. Заманауи ақпараттық жүйесіз шекарада бақылау орнату мүмкін емес. Сенаторлар екі елдің туристік мүмкіндіктерінің дамуы мәселелерін де қарастырды.

«Тек Қазақстан мен Өзбекстанның ғана туризмін дамытуға күш жұмсамау керек. Алыс шет елдерден Орталық Азияның көрікті жерлерін бірден көруді қалайтын туристердің сапарларын да жеңілдетуіміз керек. Ол үшін ортақ виза жасау керек» , - деген Д.Назарбаева «Silk viza» азиялық шенген құруды ұсынды.

“The Qazaq Times”