Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея шекара маңындағы Пханмунджом елді мекенінде екі ел арасындағы келіссөз басталды, деп хабарлайды РБК Yonhap агенттігіне сілтеме жасап. Пиоңяң мен Сеул арасындағы келіссөз соңғы рет 2015 жылы болған.

Оңтүстік Кореяның бірлестік министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, келіссөз жергілікті уақыт бойынша 10:00-де басталған. Reuters-тің мәліметінше, Солтүстік Корея делегациясын басқарушы әрі сол елдің әлемдік бірлестік комитетінің төрағасы Ли Соң Гуон келіссөз басталмас бұрын келіссөздің жақсы аяқталатынына сенім білдірген. "Келіссөз жақсы өтеді. Бүгін Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея нақты әрі шынайы келіссөз өткізеді", - деп мәлімдеген ол журналистерге.

Екі ел кездесуіндегі басты тақырып  Солтүстік Кореяның 2018 жылдың ақпанында Пхёнчханда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы болмақ. Бұдан бөлек, екі ел "қарым-қатынасты реттеу" мәселесін қарастырады.

Пиоңяңның Оңтүстіктегі спорт жарысына қатысуы мүмкін екені туралы ел басшысы Ким Жоң Ун 31 желтоқсан күні халыққа арнаған үндеуінде мәлімдеген. Осыдан кейін Оңтүстік Корея телефон байланысы арқылы бұл мәселені жоғары деңгейде талқылау керектігі туралы ұсыныс тастаған. Арада бес күн өткен соң, 5 қаңтарда Солтүстік Кореяның  Оңтүстік Кореямен тікелей келіссөз жүргізуге келіскені мәлім болды.

Екі елдің мұндай шешімін АҚШ Президенті Дональд Трамп та қолдаған. 4 қаңтар күні Пентагон Уашингтон мен Сеул арасында өтетін әскери оқу-жаттығулары кейінге шегеріліп, олимпиада ойындары аяқталған соң жалғасатынын хабарлаған еді.

“The Qazaq Times”