Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы АҚШ-тың Иерусалимді Израил астанасы деп мойындау туралы шешіміне қарсы резолюцияны қабылдады. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңалықтар орталығынан хабарланды.
Жалпы БҰҰ-ның шұғыл кездесуінде 128 мемлекет Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде тануға қарсы болса, 35 мемлекет қалыс қалды, 9 ел АҚШ шешімін қолдаған.
Сонымен БҰҰ резолюциясына қарсы шыққан елдер мыналар: АҚШ, Израиль, Гватемала, Гондурас, Маршал аралдары, Микронезия, Науру, Палау, Того. Бұл елдердің барлығы Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындап отыр.
Ал Канада, Мексика, Аргентина, Румыния, Латвия, Хорватия және тағы басқа да АҚШ-пен достас елдер бейтарап позицияны таңдаған. Ал 20 ел дауыс беруге қатыспаған.
"Қасиетті Иерусалимнің сипатын, мәртебесін және демографиялық құрамын өзгертуді көздейтін кез келген шешімдер мен іс-әрекеттердің заңды күші жоқ және ол жойылуы керек", - делінген қабылданған резолюция мәтінінде.
Осылайша БҰҰ Бас ассамблеясы мемлекеттерді Иерусалимде дипломатиялық орындарын ашпауға шақырды.
Айта кетейік, 18 желтоқсан күні АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің "Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындау туралы шешімін тоқтату туралы" резолюциясына вето қойған болатын. Ал Дональд Трамп 6 желтоқсан күні Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялады. Израиль мұны жылы қабылдағанмен, Араб басшылары мен Палестина "бұл әрекет мұсылмандарға қатысты жасалған ең үлкен провокация" деді.