Халық банктің Директорлар кеңесі Qazkom-ды Халық банкіге қосу арқылы қос банктің бірігу жобасын мақұлдады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Халық банк пен Qazkom-ның интеграциясы тиісті процедуралар іс-жүзіне асқан соң және бақылаушы тарапынан келісім алынғаннан кейін кезең-кезеңмен іс-жүзіне асатын болады.
«Халықаралық консультанттармен өткен бес айдың ішіндегі еңбекті жұмыстың нәтижесінде біз бұл мәміленің масштабы тарапынан да, Қазақстанның, сондай-ақ мен іргелес жатқан елдердің экономикасына көрсететін әсері жағынан да потенциалы зор екенін сеніммен айта аламыз. Қос банктің бірігуі қаржы тобының одан әрі дамуы үшін ең ұтымды нұсқасы болып табылады. Жаңа стратегияның түйіні - қос банктің ең ұтымды, мықты тұстарын біріктіру. Біз тек үздік жобаларды аламыз, яғни ел бойынша дамыған банктік инфрақұрылымды және Халық банктің үздік тәуекел-менеджментін, Қазкомның заманауи технологиялары мен клиенттік сервистің стандарттарын, сондай-ақ қос банктің бәсекелестік өнімдері мен қызметтері, миллиондаған клиенттерге қызмет көрсетудегі білім мен тәжірибені қолданатын боламыз»,- деді Халық банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова.
Qazkom-ның Халық банкіге бірігуі қос банктің технологиялық және сервистік дайындықтары қамтамасыз етілген соң аяқталады деп жоспарланған. Бұл шараларға қос банктің өнімдерін, рәсімдері мен үдерістерін сәйкестендіру және IT-жүйелері мен инфрақұрылымдарын біріктіру жұмыстары кіреді.
«Біз елдегі ең ірі банкті құрудағы қос банктің бірігуі клиенттердің несиеге және өнімдердің кең түріне қолжетімділігі арта түседі деген ойдамыз. Ал, бұл өз кезегінде бизнес пен экономиканың дамуын қосымша ынталандыруын қамтамасыз етеді. Халық тобының инвестициялық мүмкіндіктері бізге Қазкомның «ноухау» және жетекші жұмыстарын одан әрі белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Бұның барлығы бізге технологиялық көшбасшылық пен қызмет көрсетудегі сапалылықты сақтауға және одан нығайтуға сенімділікті арттырады», - деді өзі сөзінде Қазкоммерцбанк басқармасының төрағасы Ульф Вокурка.
Интеграция үдерісі кезінде қос банктің клиенттері үшін жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында негізгі екпін Халық банк пен Қазкоммерцбанктің барлық сервистерінің үздіксіз жұмысына бағытталады.
Қос банк сервистерінің сапалылығын жақсарту жұмыстары негізінен 2017 жылғы шілдеде банкоматтық желілердің бірігуінен басталған болатын. Кейіннен Халық банк пен Қазкоммерцбанк карталық бизнесте бірнеше жобаларды іске асырды. Олар: QR-төлемдері мен Halyk Light + Homebank Orange тұтынушылық кредиттеу бағдарламалары. Жақын арада банктер нарыққа ақша аударымдары мен интернетте карталық төлемдердің жаңа қызметтерін шығарады, Халық банк қызметіндегі кәсіпкерлер үшін жаңа онлайнбанк пен оның мобильді қосымшасын іске қосады. Банктер клиенттерге барынша ыңғайлы болуы үшін және оларға бірлесудің тиімді жақтарын жеткізу үшін барынша күш-жігерін жұмсайды.