Үндістанның астанасы Делиде ауаның ластануының қауіпті шекке жетуіне байланысты бастауыш мектептер жабылды. Әлемнің ең лас астаналарының тізіміне кіретін, 20 млн тұрғыны бар Делидің үстін қою тұман мен түтін басқан. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
АҚШ-тың Үндістандағы елшілігінің веб-папрақшасында жарияланған көрсеткіштерде адам денсаулығы үшін қауіпті саналатын PM 2,5 микроскопиялық бөлшектерінің ауадағы көлемі 700-ді көрсеткен. Бұл Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының қауіпсіз деңгейінен 70 есеге артық.
Үндістанның медициналық қауымдастығы қоғамдық денсаулық үшін алаңдаушылық танытып, Үкіметтен тиісті шараларды қабылдауды талап етті. 2 млн жуық оқушы білім алатын бастауыш мектептер халық наразылығының өрши түсуіне байланысты жабылған. Үндістанның қоршаған ортаны қорғау ұйымы алдағы күндері жағдайдың одан әрі ушығатынын ескертті.
Айта кетейік, мұндай жағдай Қазақстанда да бар. 1,5 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласы қазіргі кезде экологиясы ең нашар қалалар тізімінде. Алматының аспанын да көк түтін мен қара тұман басқан.