Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) XIX құрылтайының қарсаңында, ҚКП Ши Жинпиңнің жемқорлықты тізгіндеу әрекеті партияның ішкі саясатын реттеп, әр дәрежедегі басшылардың партияға адалдығын шынайы түрде қалыптастырды деп алқауда. Бұл құрылтай Ши Жинпиңнің ел басқару мерзімін енді бес жылға ұзартады. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлаған.
ҚКП-ның XVIII орталық өкілдер мәжілісі деп аталатын ауқымды жиналыс төрт күнге жалғасып, өткен аптаның сенбі күні Бейжіңде аяқталды. Қытайдың ресми ақпарат көздері «Ши Жинпиң жетекшілік еткен ҚКП бес жылдан бері жемқорлықпен толассыз күрес жүргізіп, орнықты дамудың жолына түсті. Шидің осы бес жылы Қытай мемлекеті үшін де, ҚКП партия қосынының нығайуы үшін де маңызы ерекше болды» деп жазды.
Өткен бес жылдың қорытындысы, алдағы үлкен құрылтайдың дайындығы жөнінен маңызы ерекше болған осы мәжілісте, елдің саяси жетістіктері және «ҚКП жарғысы» талқыланды. Сондай-ақ ,18 қазан күні ашылатын кезекті құрылтайға орталық үкіметтен 330 адам қатысатыны белгілі болды.
Қазіргі кезде Қытайда Ши Жинпиң бірнеше он жылдан бергі ел басқарған басшылардың ішінде ең ықпалды тұлға болып саналады. Қытайдың ресми БАҚ-ы басшыларының еңбегі туралы толассыз жазуда. Ал, енді ғана шымылдығын жапқан партия өкілдерінің жиналысы да әр бес жыл сайын бір рет өткізіліп отырады.
Мәжілісте Ши Жинпиңнің тағы да бес жыл елге басшы болатыны аталды, сондай-ақ, оның төңірегіне топталған сенімді әрі жас лауазымдылар басшылық қосынға келіп, жасы егделеген басшылар оларға орын босататын болды.
ҚКП-ның бірнеше өкілдерінің сөзіне қарағанда, барлық жағдайдың қалыпты болуына кепілдік ету үшін, Ши Жинпиңның құқықтары жоғарылатылып, ол ҚКП-ның бұдан бұрын неше он жылдар бойы қолданған жарғысын өзгертуі мүмкін. Егер солай болған жағдайда, алдағы құрылтайда жоғары лауазымға жететін басшылар Қытайда ауқымды саяси өзгерістер жасайды.
Ал, партия ішіндегі өзгеде өкілдердің пікіріне сүйенсек, кезекте Ши Жинпиң өзгеше пікірлердің көзін жойып, ұқсамаған идеясы бар қызметкерлердің жолын кесуі мүмкін. Осылай болғанда ол өзінің құқығын тіпті де биіктетіп, билікте отырған екінші мерзімі аяқталғаннан кейін де, елдің басшысы болуға ұмтыла алады. Оның екінші өкілетті мерзімі 2022 жылға дейін. Бірақ, ҚКП-ның соңғы жылдардан бері қолданған ел басшысы жөніндегі заңында, партия көшбасшысы 10 жылдан артық отырмайды деп белгіленген.
Сенбі күнгі мәжілістегі мәлімдемеде «партия жарғысы» және онда болатын өзгерістердің мазмұны жарияланбады. Дегенмен, бұдан бұрын қытайтанушы мамандар: «Аталған жарғыға Шидің саяси философиялық ойлары партияның танымдық принципі болып енгізіледі. Әрі жарғыға оның есімі кірістіріледі. Бұған дейін, төңкеріс жетекшісі болған Мау Зыдоң және реформа көшбасшысы Дың Шяупиң ғана партия жарғысында есімдерін енгізген», - деген еді.
Бір ғана Қытай емес, әлем елдері де жағымды жаңалық күтіп отырған ҚКП-ның кезекті құрылтайы жөнінде айтылған болжамдардың дені осындай. Әр ел жөнінде саяси болжамдар айтатын сарапшылардың сөздері көбіне тура келіп жатады. Осыдан ондаған жылдар бұрын Қытайға келесі кезекте кім басшы болатынын, оның қандай саясат жүргізетінін тағы да шетелдердің саясаттанушылары дөп басып тауып еді. Әсіресе, осы Шидің күні бүгінге дейін жүргізген халықаралық саясаты, ел ішін орнықтыру жолдары, аз санды ұлттарға қаратқан саясаты т.б. туралы айтылған болжамдар айнымай келді. Тағы сол сарапшылардың сөзін ескерсек, Ши барлық құқықты қолына алып, мейлінше ұзағынан ел билегісі келетіні анық болып отыр.