Көршіміз, өзбек елінде бұрын соңды болмаған жаңалықтар болып жатыр деуге болады. Бұрын сыртпен қарым-қатынаста салқындық танытып, авторитарлық саясат ұстанған елде бүгін жағдай мүлде өзгеріп келеді. Шетел сарапшылары Өзбекстанда елді түбегейлі өзгертетін прогрессивті реформалар жасалып жатыр деп қарайды. Бұл туралы BBC онлайн қызметі сараптап жазды.

Шавкат Мирзиеев бір жыл бұрын Өзбекстан тағына отырған кезде, кейбір сарапшылар, оны Өзбекстандағы қатаң режимді жалғастырады, тіпті керек болып жатса одан да қатаң қалыпта ұстайды деп болжаған еді. Бірақ, бір жылға жетпейтін уақытта президент Шавкат Мирзиеев «саяси қылмысты боп қамалғандарды босатып, елге БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссиясын кіргізеді» деп ешкім айтпады да, болжамады да.

Қазір Өзбекстан үкіметінде мемлекеттік органдарды сынға алатындар пайда бола бастады. Бұл бұрынғы президент Ислам Каримовтың кезінде ешкімнің ойына да кірмейтін істер еді. Қазір Шавкат Мирзиеев үкімет пен мемлекеттік мекемелерге тағылған айыпты өзі тікелей қадағалап отыр. Тіпті ол: «Бізге сын керек. Сын нәтижені алып келеді», - деп, жастармен кездесулер ұйымдастырғалы отыр.

Тек бұл ғана емес, Өзбекстан президенті үкіметтік органдар мен қызметкерлерді өзі де ауыр сындарға ала бастады. Мысалы ол прокурорларды «ең үлкен ұрылар» деп сынады. Ол бір сөзінде: « Прокурорлар елдің ең үлкен сорына айналды. Егер таза істемесе, оның бәрі жұмыстан кететін болады», – деді.

Бұрын ел азаматтары әлеуметтік орындардың қандай да бір қиыншылығын, елді мекендердегі ауыз су, газ секілді шешілмеген проблемаларын, биліктегілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын құқық қорғаушыларға айтудан жасқанып келген. Қазір әлеуметтік мәселелерді ашық ортаға салып, үкіметтің шешуін талап ететін қоғамға аяқ басып келеді. Тіпті жоғары биліктегілердің жемқорлығы туралы да ашық айтылатын болды. Бұрынғы цензурада ұсталған азаматтар ашық пікір білдіруге батылдық ететін болды.

Осы айдың басында үкіметі валютаны еркін бағамға жіберді. Шетел валютасын айналымға кіргізуге рұқсат берді. Өзбекстанда көп жылдардан бері алғаш рет шетел валютасын банктерде легалды түрде алмастыратын болды.

Дегенмен Өзбекстанда болып жатқан рефрманың алдағы уақытта неге ұласатыны туралы айту қиын. Бұл реформа қаншалық жалғасады, Шавкат Мирзиеев өзінің либералды реформаларын қандай мақсатта жасап отырғаны туралы түрлі болжамдар айтылуда. Біреулер бұны стратегиялық дамуға шарт-жағдай жасап, мемлекеттік жүйені бекемдеу деп қарайды. Ал кейбір сарапшылар бұл реформаларды қазіргі президенттің билікті бір орталыққа жұмылдыру үшін жасап отырған қадам деп санайды. Мейлі қалай десек те Өзбекстан билігі Ислам Каримов кезіндегіге қарағанда сыртқа ашық қарым-қатынас орнатып, ел ішінде еркіндікке жол беріп отыр.

“The Qazaq Times”