Qazaq Times редакциясына Қызылорда облысындағы №60 түзету мекемесінде қамауда отырған тәуелсіз журналист, саяси тұтқын Думан Мұхаметкәрімнің жазған арызы келіп түсті. Хатта ол өз өміріне төнген қауіп, қысым мен заңсыздықтар туралы баяндап, Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік органдарына үндеу жасаған.

 

ҚР Президенті Әкімшілігіне,

ҚР Бас Прокуратурасын,

ҚР ІІМ Өзіндік Қауіпсіздік бөліміне,

ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетіне,

ҚР Парламенті сенаты, мәжілісіне

(Құдайға қарағандары танысу үшін)

Қорғаушыларым: Ғалым Нұрпейісов және «Ар, Руһ, Хақ» ҚҚ басшысы Бақытжан Төреғожина назарына.

Қауіпсіздік талап ету арызы

Әуелі талаптарымды тізіп өтейін:

  1. Менің, Мұхаметкәрім. Д.А-ның өміріне қауіп төнгендіктен өзіме қауіпсіздік талап етемін. Мені шұғыл түрде заңға сәйкес Алматы маңына ауыстыруды талап етемін. Өйткені, Қызылордада №60 мекеме тарапынан ғана емес облыстық прокуратура, облыстық ҚАЖД, облыстық полиция департаменті тарапынан маған қарсы ұйымдасқан жүйелі қысым байқалуда.
  2. Президент әкімшілігі, бас прокуратура және қос палаталы парламент депутаттарынан құрылған топ менімен жеке кездесуді талап етемін.
  3. Бес ай сәл-пәл басылып 20.08.2025 ж күні қайта жанданған тіпті бұрынғысынан жаман күшейген қысымдарға қатысты «Заң мен жақта» деп оңды-солды желімдемей-ақ жапсыра беретін әкімшілік жазалар мен тамыздың алтысы күні «түрмеде атылған оққа» қатысты Астанадан арнайы тергеу тобы жіберілуін талап етемін. Ол топ тексерісті №60 мекемеде ғана емес облыстық прокуратурада, облыстық ҚАЖД мен облыстық ПД-де жүргізсін.
  4. 06.08.2025 ж. күні «түрмеде атылған оқ» мені балағаттаған (боқтаған және шығу тегіме тіл тигізген) Фархат Сейітов сияқты қызметкерлерге қатысты және жазған шағымдарымның мекемеден жіберілмеуі бойынша №2 қапас ішіндегі, бейнежетондардағы және дәліздегі видеолар мұқият зерттелсін.
  5. Менің түрме үлгісіндегі (робо) киімді кимеуден басқа бүкіл әкімшілік жазалар мен ескертулер күшін жойсын.

Енді арыздың өзіне келсек. Шынын айтсам осы күнде менің хат жазу түгіл кітап оқуға күшім жоқ. 29.08.2025 ж. күні «тоталитарлы конституцияның «30 жылдығына» арналған аштығым әлі тоқтаған жоқ. Содан бері он (10) келі салмақ тастаппын. Тәуелсіздіктің отыз төрт (34) жылдығына дейін шыдасам салмағым бәлкім сол отыз төртке дейін түсіп те қалар…

Негізі бұл шағымды жазуыма мені әбден ҚАЖЫТҚАН қызылордалық ҚАЖД-ның орынбасары аса дарынды әділет полковнигі Ж. Зиябеков түрткі болды. Ол кісі 05.09.2025 ж. күні кіріс №655Д жауабында – «60 мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері өз дәлелін таппады» – деп жазыпты да артынан «сен өзің кәкәй» дегендей «жаза өтеу тәртібі мен міндеттерін бұзғаныңыз анықталды» депті. Онымен қоймай ҚОҚК №419 бабымен қорқытады.

Шындығына келгенде ҚАЖД-ден бірде-біреуі келіп менімен сөйлескен емес. Ешқандай қызметтік тергеу жүрген жоқ. Ал, 06.08.2025 ж. күні қапас ішінде жарылған белгісіз затқа қатысты арада жарты ай салып 20.08.2025 ж. күні учаскелік инспектор 19:20-да келіп ат-үсті, нем кетті – деген тергеу жүргізген болды. Оның өзінде «бұған дейін2012,2020 деген басқа жылдары шағым түсіріппе едіңіз? – деген бір түрлі сұрақтар қойып өзімді мазақ қылып кетті. Сұрақ-жауабымыз сол полицейдің бейнежетонына түсті.

Ал, 06.08.2025 ж. күнгі сағат 16:20-17:00 аралығындағы №2 қапас ішіндегі, дәліздегі және айғақ заттарды (ұсақ шеге сияқты 3-4 темір затты) жойып жіберген кезекші Бағлан Қалиевтың бейнежетонындағы видеолар сол беті зерттелмеді. №2 қапас ішіндегі жарылған заттан қалған қара дақтарда зерттеуге алынбады. Қызылорда облыстық прокуратураның орынбасары Махмут Алмас та бұл жатқа немқұрайлық танытып отыр. 11.08.2025 ж. күні жеке қабылдаумен ғана шектелді.

Неге енді ғана қауіпсіздік талап етіп отырмын? Өйткені, менде әділ тергеу өтеді деген (06.08.2025 ж. күні жарылған затқа байланысты) үміт болған еді. Бір ай өтті. Жарылғыш затты қапасқа кіргізген адамның артын кезекші Бағлан Қалиев жапты. Ал, оның артын №60 мекеме басшылығы, олардың артын облыстағы басқа құзырлы органдар жаба бастады. Яғни менің өміріме қауіп төндірген №60мекеме емес бүкіл органдар деген күдігім бар. Сондықтан Қызылорда облысында және оған көршілес басқа аймақтарда маған тыныштық жоқ. Мен әрине өлім жазасына «кесілген» адам екенімді түсіндім. Алматыда болсамда ажал қуып жетеді. Дегенмен, үйіме жақын өлуге мұрсат беріңіздер.

Билікте отырған маған жанашырлар назарына: Егер мені Алматы маңына ауыстырмай жатып аяқ-асты Қызылорда түрмесінде өліп кетсем «асылып өлді» немесе тілініп өлді дегендерге сенбеңіздер. Мен – әділдік жолындағы күресімді жалғастыру үшін өмір сүргім келеді.

«Піс қазаным бес ай» дегенге «отырайын он ай» деген Қожакеңнің сөзі еріксіз ойыма оралады. Менің де №60 мекемеде отырғаныма он ай болды. Шық бермес Шығай байдың қазаны екі рет пісетін уақыт болды. Ішіне тас түсіп кеткен бе әйтеуір қазандағы ет піспек түгіл суы да ысымады. Старо-новый Казахстан-дағы сияқты қазанда да отыз төрт жылдық тұрақтылық сияқты… Он айдың ішінде үнсіздік сақтаптым-тырыс отырып та көрдім. Алайда, менің тыныштығымды мұндағы кейбір қызметкерлер әлсіздікке балаған сияқты. Дөрекі сөйледі, балағаттады, шығу тегіме тіл тигізді. Енді міне тағы арыз-шағымдарымды жібермейтін ескі әдеттеріне басты. Үстіміздегі жылдың 20,26,28 және 29 тамыз күндергі шағымдарым шықпады. Еріксіз камера бетін жауып, улап-шулап 28 мен 29 тамыз күнгі арыздарымды әйтеуір жіберттім. Ал, 20 мен 26 тамыз күнгі шағымдарым сол беті жоқ. Осы шағымды тағы жоқ қылып жібермесе көрім. Айтпақшы, 20.06.2025 ж. күнгі «Ар,-Руһ-Хақ» қоғамдық қоры басшысы Бақытжан Төреғожинаға жазған тоғыз беттік хатымды 16:25 те қапас ішіндегі бейнебақылау камерасына бір-бірден көрсетіп жасақ бастығы Әли Жұбатаровтың қолына ұстатып жібергенмін. Ал, 26.08.2025 ж. күнгі еске салу шағымын таңғы тексеріс кезінде (09:15) кезекші Құттыбектің қолына ұстаттым. Мұның алдында 11.03.2025, 13.03.2025 және 26.03.2025 ж. араз-шағымдарым жоғалған еді. Бұларды да сол күнгі видеодан көре аласыздар.ҚАЖК видео мұрағаты тоғыз айға дейін сақталатынын ескерсек тергеу жүргізуге әлі уақыт жетеді. Сол сияқты 06.08.2025 ж. күнгі мен отырған №2 қапаста жарылған зат бойынша да видеоматериалдарды алдырсаңыздар екен. Әсіресе, айғақ заттарды жойып қылмыскердің ізін жасырған Бағлан Қалиевтің бейне жетонын тергеу керек.

Енді менің түрме үлгісіндегі киімді (робо) кимеуден басқа әкімшілік жазалар мен ескертулер күшін жоюға қатысты айтарым. Арыз-шағымдарым шықпаса, қызметкерлер мазақ қылып балағаттаса, тегіме тіл тигізсе мен бейне бақылау камерасын жаппай қайтемін? Оның өзінде Астанадағы ҚАЖК назарын аударса екен деп жабамын. Негізі камера жабылмас бұрын кемінде үш сағат бұрын қызметкерлерді, басшылықты ескертемін. Ымдап, қағазға жазып камераға көрсетемін. Алдын алу әрекеті болмағандықтан барып жабамын. Сосын мені боқтаған қызметкерлер неге жауапқа тартылмайды да мен неге әкімшілік жазаға тартыла береді екенмін. Қысқасы менімен жеке сөйлесу үшін Астанадан жіберіңіздерші. Айтарым көп.

10.09.25ж күні де камера жабық тұрды. Өйткені басшылық 5 күн бойы мені қабылдамай алдап жүр. Құрметпен.

Ұры жүйенің қас жауы Мұхаметкәрім Д.А. 11.09.2025ж.

Осы арыз үш(3) беттен тұрады.

Редакция хат мазмұнын өзгертпей жариялады. Автор көтерген мәселелер бойынша құзырлы органдардан ресми жауап күтеміз. Оқырмандардың да пікірін білу маңызды — ойларыңызды төмендегі пікір алаңында қалдыра аласыздар.

The Qazaq Times