4 шілдеде Алматының Наурызбай аудандық сотында «әуежайды басып алу ісінде» жарыссөз басталды. Процесс басталар сәтте сотталушылардың жақтастары «Халық – террорист емес!» деген плакат ұстап, «Бостандық!» деп ұрандатты». Сот отырысы прокурор Бекзат Сейтімбеттың сөзінен басталды. Ол соттан күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, Айгерім Тілеужанды 5 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Карменовті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Адвокаты Абзал Айдароханов соттан күдікті Қалас Нұрпейісовке тергеу кезінде қысым жасалып, салдарынан оның өз-өзіне қол жұмсауына мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзінше, тергеу заңы сақталмаған, сол себепті де Нұрпейісовті ақтау қажет.

– Тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістер қолданылған. Істі болып, Түркісіб аудандық соты үкім шығарған бес адам Нұрпейісовке қарсы куәлік еткен. Олардың бірі куә болудан бас тартса, енді бірі куәлік беруге мәжбүрлегенін айтты. Тағы бір адам ешқандай куәлік бермегенін, толтырылған қағазға қол қойып бергенін мәлімдеді. Бұның барлығы заң бұзушылық. ҚР ҚК 272-бабының 1-бөлігі, 200-бабының 2-бөлігі, 191-бабының 1-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі бойынша ақтауды сұраймын, – деді адвокат.

Бұдан бөлек, адвокат Қалас Нұрпейісовке тергеу кезінде оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай мен саяси белсенді Дархан Уәлиевке қарсы куәлік ету ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, Нұрпейісов бұл ұсыныстан бас тартқан. Қалас Нұрпейісовтің өзі адвокатының айтқандарымен келісетінін айтты.

Айгерім Тілеужан өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның сөзінше, барлық айып, тек куәгерлердің сөзі негізінде жинақталған.

– Маған тағылған барлық айып тек ғана куәгерлердің сөздерінен құрылған. Олардың көпшілігі куәлікті қысыммен берген. Маған қатысты бірде-бір сараптама жоқ. Сараптама жасалған видео біздің шағымымыздан кейін істен алынып тасталды. Видеода менің әуежайда 19 минут жүргенім, ешнәрсені шағуға, халықты бір нәрсені ұрлауға, тонауға шақырмағаным белгілі. 12 куәгер бар. Олардың 10-ы өздеріне қысым жасалғанын айтты, – деді Тілеужан.

Айгерім Тілеужан істің саяси тапсырыс екенін айтты. Ол бұған дәлел ретінде бас прокурор Берік Асыловтың парламентте сөйлеген сөзін мысалға келтірді.

– Бас прокурор Берік Асылов мен және Қалас Нұрпейісовті Кәрім Мәсімовпен (Қаңтар оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған ҰҚК бұрынғы басшысы – ред)  бірге атап, «Экстремистер Алматы әуежайын басып алмақ болды» деп бірқатар заңсыздық жасап, жалған ақпарат таратты. Мен ешқандай діни-экстремистік ұйымның мүшесі емеспін. Біз осыған байланысты ҰҚК мен прокуратураға сауал жолдап, жауап алдық. Ол менің абыройыма нұқсан келтіретін ақпарат таратты. Сонымен қатар, кінәсіздік презумпциясын бұзды. Яғни сот болмай жатып, бізді айыптап, соттап жіберді. Әу, баста бұл саяси тапсырыс болған. Бұл елге біз мен сияқты журналист, Қалас Нұрпейісов сияқты мұғалім, мына жігіттер сияқты патриоттар керек емес болып тұр, – деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу» ісі бойынша бес адамның соты биыл 30 наурызда басталған. Тергеу орындары бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа, Жанайдар Кәрменовке айып таққан. Әйгерім Тілеужан үйқамақта, өзге төртеуі былтыр көктемнен бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

Айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында «билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» деп көрсетілген. 20 маусымда өткен сот отырысында олардың «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын» көресететін видеоны судья «жеткілікті дәлел бола алмайды» деп істен алып тастаған.

Күдіктілердің барлығы сот барысында тағылған айыпты мойындамайтындарын бірнеше рет айтқан. Айгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов билікті ашық сынайтын азаматтық белсенді ретінде танылған. Ал Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және  Жанайдар Кәрменов бұған дейін белсенділігімен көзге түспеген.

Іс бойынша күдікті деп танылған Айгерім Тілеужан – журналист, аудармашы, Қалас Нұрпейісов – тарих пәнінің мұғалімі, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев,  Жанайдар Кәрменов – такси жүргізушісі болып жұмыс істеген.