Президент Тоқаевтың жарлығымен Шығыс Қазақстан облысын ұзақ жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен босатылды. 69 жасқа тоған экс әкім облысты 9 жыл басқарған. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысын басқарып келе жатқан Даниал Ахметовтің өкілеттік мерзімі 15 маусымда аяқталған.
Даниал Ахметов 2012-2014 жылдары энергетика және инфрақұрылым министрі, 2007-2009 жылы қорғаныс министрі, 2003-2007 жылдары премьер-министр болған. 2017 жылы зейнетке шыққан. Бірақ сол кездегі президент Назарбаев Ахметовтің құзыретін 2022 жылға дейін ұзартқан. Былтыр желтоқсанда Тоқаев оны ШҚО әкімі қызметінде қалдырған.
Ахметов мемлекеттік басқару аппаратының ардагерлерінің бірі. Ол соңғы уақыттары ұлы мен оған жақын кәсіпкерлердің бизнесіне қатысты дауға іліккен. Бірақ ол даудың барлығын жақында «Обожаю» ютуб арнасының журналисі Асхат Ниязовқа берген сұхбатында терістеген.
Бұдан бөлек, дәл осы сұхбатта Ахметов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында Өскемен қаласын бүлік пен тонаудан аман алып қалғанын айтып, алаңға шыққан халықты маскүнем деп атаған.
Бүгін Даниал Ахметовтің орнына ШҚО әкімі болып Ермек Көшербаев тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған.