1 наурыз түнде тіркелмеген оппозициялық Демократиялық партия өкілі Берік Хамидуллинді үйінің маңында белгісіз біреулер ұрып кетті. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде саяси белсенді Абзал Достияров хабарлады.

Абзал Достияровтың айтуынша, Хамидуллин оның сайлаудағы сенімді өкілі. Ол үгіт-насихат жұмыстары аяқталғаннан кейін, түнгі сағат ондар шамасында үйіне қайтыр бара жатқан жерінде соққыға жығылған.

– Берік менің осы сайлауда сенімді өкілім,ол кісі бүгін таңнан кешке дейін менің үгіт-насихат парақшаларымды таратып жүрген еді, жаңа ғана Берік ағаны белгісіз біреулер ұрып кеттіБерік аға ешкіммен байланыспайтын,жасы елуден асқан жігіт ағасы. Билік күрескер азаматтарды тоқтату үшін, жолдан тайдыру үшін, осындай лас әрекеттерге барып отыр, – деп жазды Достияров.

Берік Хамидуллиннің өзін кімдердің ұрғанын білмейді. Артқы жағынан жасалған соққыдан есінен танып қалған.

– Қанша адамның ұрғанын білмеймін. Аяқ астынан болды. Артымнан келіп ұрғаннан кейін есімнен танып қалыппын. Қазір басым айналып тұр, – деген Хамидуллиннің өзі «Азаттық» радиосына.

Бейсенбі күні полиция одан жауап алған. Әзірге қандай бап бойынша іс қозғалғаны белгісіз. Партия өкілдері оқиғаның саяси астары болуы мүмкін деп болжайды. Шабуылдаушылар Хамидуллинің қалтасындағы ақша, телефонға тиіспеген.