Бүгін Алматыда бір топ парламент мәжілісіне кандидат жиын өткізіп, сайлауда саяси блок құратындарын мәлімдеді. Блок манифестінің кейбір бөлігі Тоқаевтың тұжырымдамасына ұқсайды.
Қазақстан баспасөз клубында өткен жиынға саясаткер Ермұрат Бапи, Мұхтар Тайжан, Санжар Боқаев, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, экономист Айман Тұрсынхан және құқық қорғаушы Ерлан Қалиев қатысты. Олар алдағы парламент сайлауында саяси блокқа топтасатындарын айтты.
Жиын қатысушыларының барлығы құрылып жатқан блоктың ешқандай саяси ұйым емес екенін мәлімдеді. Олардың сөзінше, кандидаттар сайлауға бола осындай блокқа топтасқан.
– Біз бірлескен ұйым құрып жатқан жоқпыз. Біз тәуелсіз кандидат ретінде сайлау кезінде ғана бас қосып жатырмыз. Не себепті? Өйткені партиялар онсыз да мәжілісте 70% орын алады. Олардың барлығы билікшіл. Билік оларды толықтай бақылауда ұстайтын болады. Өзін өзі ұсынуды соңғы 18 жылда біз биыл көріп отырмыз. Сол себепті бұл қоғам үшін мүмкіндік. Біз бірігу арқылы билікке айтқымыз келеді, Егер біз шын мәнінде «Жаңа Қазақстанды» құрғымыз келсе, онда сайлау да әділ өтуі тиіс. Қоғамға үн тастағымыз келеді. Бұл қоғам үшін мүмкіндік. Келіңіздер, тәуелсіз кандидаттарды қолдаңыздар. Партиялық жүйеден тыс күш болады. Ол биліктің бақылауынан тыс, қоғамның мүддесін қорғайды, – деді Санжар Боқаев.
Айман Тұрсынхан бір мандатты округтен түсіп жатқан кандидаттардың басты ұстанымы мажоритарлық жүйе. Сол себепті партиялық тізіммен сайлау өткізуге қоғам болып қарсы шығу қажет дейді.
– Бір мандатты округ бойынша сайлауға түсіп жатқандар арасында партия мүшелері өте көп. Сайлауда партиялық тізім бойынша дауыс бергенде сіз адамдардың аты-жөнін көрмейсіз. Сіз кімге дауыс беріп жатқаныңызды білмейсіз. Сіз партиялық жемқорлыққа дауыс бересіз. Дауыс саналғаннан кейін сайлау ішінде штаб құрылып, сауда басталады. Кім, қаншаға өзінің мандатын сатып алады? деген тізім үшін сауда болады. Сіз өзін өзі ұсынған кандидаттардың ұстанымымен келісесіз бе, жоқ па ол маңызды емес. Қазір қоғам болып партиялық тізімге қарсы екенімізді көрсетуіміз керек. Біз мажоритарлық жүйені қолдаймыз, – деді Тұрсынхан.
Ермұрат Бапи де құрылған саяси блоктың қатып қалған ұйым емес екенін айтты. Оның сөзінше, тәуелсіз кандидаттар елде жүйелі оппозиция болмаған соң, еріксіз осындай блок құруға мәжбүр болған.
– Бұл қатып қалған блок емес. Бұл сайлау қарсаңында тәуелсіз кандидаттардың еріксізден жинақталған қауымдастығы. Не себепті еріксіз? Өйткені, біздің елде жүйелі, тұтасқан оппозиция жоқ. Әр жақта ыдырап жүрген топ. Солардың басын біріктіретін, осы сайлауға бір стратегиямен шығатын бізде оппозиция болған жоқ. Осы отырған азаматтар сайлау алдында осындай блок құрып жатыр. Сондықтан бізде басқа мүмкіндік жоқ. Біз алаң арқылы өзгеріске бара алмаймыз. Артымызға қарасақ, халық саны сирек. Жалғыз мүмкіндігіміз осы 30 пайыздық жүйемен тәуелсіз кандидаттардың парламентке өтуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан осындай қауымдастық құрып, сайлауға шақырудың қамын жасап жатырмыз, – деді Бапи.
Саяси блоктың өзге мүшелері де осыған ұқсас пікір айтты.
Саяси блок манифестінде кандидаттар парламентке өткен жағдайда елде биліктің үш тармағының тепе-теңдігін сақтауға, жергілікті өзін-өзі басқаруды қамтамасыз етуге, сөз бостандығына шектеу қоймауға уәде берген.
Бұдан бөлек, манифесте мықты парламент, есеп беретін үкімет жөнінде де айтылған. Бірақ президент билігі жөнінде ешнәрсе айтылмаған. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында осыған ұқсайтын тұжырымдама ұсынған. Ол «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» жөнінде айтқан.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда болады. Биылғы сайлау аралас жүйе 30 пайыз мажоритарлық, 70 пайыз партиялық тізім бойынша өтеді.