20 ақпанда Бішкектің Ленин аудандық соты Азаттықтың Қырғыз редакциясының жұмысын тоқтату туралы Қырғызстан ақпарат министрлігінің талап арызы бойынша алдын ала сот тыңдауын өткізді. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Отырыс басында Азаттықтың адвокаты Акмат Алагушев сотқа БАҚ өкілдерін қатыстыруды сұраған. Оған Қырғызстанның ақпарат министрлігі қарсы болып, алғашқы 10 минутты ғана түсіруге рұқсет беруді өтінген. Судья министрліктің өтінішін қабылдаған.
Сот тыңдауы барысында судья қырғыз ақпарат министрлігіне талап арызды нақтылап жазуды тапсырып, келесі сот отырысын 6 наурызға қалдырды.
Қырғызстанның ақпарат, мәдениет, спорт және жастар саясаты министрлігі 2022 жылғы 26 қазанда Азаттық сайтын бұғаттау жөнінде шешім шығарған. Оған "Настоящее время. Азия" телеарнасының қырғыз-тәжік шекарасындағы дау туралы материалы себеп болған.
26 желтоқсанда Азатықтың Қырғыз редакциясының сайтын Қырғызстан аумағында шектеу туралы шешімнің мерзімі ұзарғаны мәлім болды. Ведомство бұғаттау туралы шешімге себеп болған материал жойылмайынша, Азаттық сайты шектеле беретінін мәлімдеген. Азаттық адвокаттары министрлік шешімінің үстінен сотқа шағымданған.
23 қаңтарда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттык Медиа" жұмысын БАҚ ретінде тоқтату туралы сотқа талап арыз түсірген. Талап арызда даулы видеоматериал жойылмағаны, әлеуметтік желіде тарап жатқаны айтылған.
Министрліктің ұстанымынша, "Азаттык Медиа" әрекеті БАҚ туралы қырғыз заңының "ұлтаралық алауыздық туғызбау туралы" бабына сай келмейді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті және бас директоры Джейми Флай корпорация Азаттық радиосының Қырғыз редакциясын сақтап қалуға күш-жігерін салатынын мәлімдеген.