29 қарашада Қызылорда соты Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған Қазыбек Құдайбергеновті 17 жылға бас бостандығынан айырды. Ол «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» және «әскери қызметкердің өліміне алып келген қасақана іс-әрекетке бару» баптарымен кінәлі деп танылды. 

Іңкәрім Сұлтанова күйеуіне тағылған айыппен келіспейді. Оның сөзінше, Қазыбек Құдайбергеновтің айыбын дәлелдейтін ешқандай дәлел жоқ.

– Менің жолдасыма (Қазыбек Құдайбергеновқа – ред) Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған сарбаз Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлап 17 жыл берді. Мен бұны негізсіз, заңсыз айып деп есептеймін. Жұбайымның ешқандай кінәсі жоқ. Тергеу кезінде дәлел ретінде бір видео көрсетті. Бірақ ол жердегі адам менің күйеуім емес. Оған ешқандай габитологиялық сараптама жасалмаған. Видеодағы адамның түрі көрінбейді. Киімі ұқсайды дейді. Бірақ ол киімді үйден заңсыз алып кетті. Күйеуімді заңсыз ұстады. Қарт анамның басына тапанша төседі. Не зат, не киім алғандарын бізге көрсеткен жоқ. Айыптау актісінде көрсетілген айыптар негізделіп, сараланып қойылмаған. Жолдасым қылмыс болған жерде болмаған. Оны телефонға жасалған билингте көрсетті, – дейді Құдайбергенов.

Іңкәр Сұлтанова тергеу кезінде Қазыбек Құдайбергеновті 20 күн бойы ұрып-соғып, құжаттарға қол қойдырып алған. Ол тағылған айыптардың барлығын мойындаған.

– Сәкен Мұхиддин деген тергеуші 20 күн бойы ұрып-соғу арасында құжаттардың барлығына қол қойдырған. Күйеуім өліп қалмасам екен, үйіме аман-есен жетейін деп барлығына қол қойып берген. Оның ішінде айыптау актісінде жазылғандардың барлығын мойындаған. Тіпті анау шетелде отырған Мұхтар Әбілязовтің ДВК қозғалысын да қосып қойған. «Экстремистік ұйымның қылмыстық әрекеттерін сол кісінің айтуымен жасады» деп жазып қойған. Күйеуімнен «Мұхтар Әбілязовті білесің бе?» деп сұрағанымда ол маған «жоқ бірінші рет естіп тұрмын» деді. Мен ол адамның кім екенін кейін интернеттен көрдім, – дейді ол.

Қаңтардың 9-ы күні ұсталып, сол уақыттан бері қамауда отырған 34 жастағы Қазыбек Құдайбергеновтің соты Қызылорда қаласының 2 сотында 25 мамырда басталған. 29 қарашада судья Думан Әлиев Құдайбергеновті кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырған. Прокурор Б Сариев сотталушыға 20 жыл түрме жазасын беруді сұраған.

Сот Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында қаза тапқан Ұлттық ұлан сарбазы Мадияр Қайсаровтың өліміне Қазыбек Құдайбергеновтің қатысы бар деп таныды. Сотталушының өзі тағылған айыпты мойындамайды.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында 26 адам мерт болған. Оның біреуі міндетті әскери борышын өтеп жүрген сарбаз. Бұған дейін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қаза тапқандардың 25 адамның әрқайсысына «адам өлтіру», «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «ғимараттарға шабуыл жасау» баптары бойынша іс қозғалғанын айтқан.

Қазақстан бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Оның алтауы қамауда азаптаудан мерт болған. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігін оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін шетелдік сарапшылардың қатысуымен зерттеуге шақырған. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев «өз күшіміз де жетеді» деп ол ұсынысты қабылдамады. Қаңтар оқиғасының болғанына 11 ай болды. Әлі күнге дейін оған саяси-құқықтық баға берілген жоқ.