Қытайда өтіп жатқан ҚКП Ұлттық съезі сол елдің саяси болмысында аса маңызды. Ел тарихындағы ірі саяси өзгерістер мен реформалар осы Ұлттық съезінде жарияланып жатады. Қазіргідей әлемдік болжаусыздық жағдайында жаһандық геосаяси картинаға әсер ететін Қытай сынды елдегі саяси науқандар оның стратегиялық бәсекелестері мен көршілес, жиі қарым-қатынас жасаушы елдердің назарында болады.
Съездің алғашқы ашылуында сөйлеген Қытай басшысы Ши Жінпіңнің (Си Цзиньпин) ұзақ баяндамасы, онда ұсынған жаңа саяси жобалар, концепциялар қазір құрылтайдың түрлі жабық есіктегі мәжілістерінде талқыланып жатыр. Съездің қорытынды отырысында қабыл алынған жобалар айқындалады. ҚКП Ұлттық съезінің дәстүрінен қарағанда бірінші хатшының ұсынған саяси жобалары мен ұстанымдары қабылданбай қалмайды. Сонымен, назарымызды аударған мына мәселелер турасында бөлісе кетейін, жеке пікір ретінде қабылдаңыздар.
1. Қытай экономикалық саясаты ішке қарай бағыт алады
Ши баяндамасында нарықтық экономикадан көрі марксизмге көбірек тоқталды. Осыдан бұрын көп талқы болған «екі айналым» концепциясын ұсынды. Бұны «бірінші айналымда ішкі нарық, екінші айналымда сыртқы нарық» деп түсінуге болады. Былайша айтқанда, Ши қытайлық өндірушілер мен қызметөтеу кәсібі саласын Қытайдың ішкі нарықтағы сұранысына назар аударуға шақырып отыр. Сыртқы инвестицияға тәуелді болмауды баса айтты. Оның үстіне мемлекеттің нарықты басқаруы жүйелі түрде күшейтілетінін ашық айтты. Осыған қарап, алдағы уақытта Қытай нарығы шетелдік кәсіпорындар мен трансұлттық компаниялар үшін қолайсыз бола түседі. Қытай ендігі жерде түбегейлі жоспарлы экономикаға өтпеген күнде де, нарықтық экономиканың заңдылықтарына бағынбайды.
2. Экономикалық дамудың жаңа концепциясы
Қытай бұрынғыдай жоғары өсімдегі экономикалық дамуға мән бермейтін болды. 2011 жылға дейін Қытай рекордтық көрсеткіштерде экономикалық өсіммен дамып келген. Ши дәуірінде бұл көрсеткіштер біртіндеп төмендеді. Биыл жыл басында билік 5,5 пайыздық өсімді жоспарлаған, бірақ үшінші тоқсандағы көрсеткіш соңғы 3 жылдағы ең төмен деңгейге түскен деген деректер бар. ДВҚ межесіне қарағанда биыл Қытай экономикасының өсімі небары 3,2 пайыз болуы мүмкін екен. Бұл көп жылдан бері болып көрмеген құлдырау. Бірақ.... Бірақ, ОК бұны елемейтін сыңай танытты. «Мақсатымыз жоғары өсімдегі экономика емес» деген мәндегі сөзді қолданып жатыр. Бұған дейін ҚКП-ның экономикалық саясаты «Жоғары өсімді экономикалық даму» ұстанымы болса, ендігі жерде «Жоғары сапалы даму» деген жаңа концепцияны алға шығарды. Осының бәрі Ши-дің «Қытай үлгісіндегі модернизация» деген жаңа саяси жобасы аясында ұсынылып отыр.
3. «Қауіпсіздік, қауіпсіздік, қауіпсіздік ....»
Қытай басшысы кезекті баяндамасында «қауіпсіздік» деген сөзді 73 рет қайталаған екен. Салыстырмалы түрде «реформа» сөзін 16 рет қолданған. 19-шы съезде «қауіпсіздік» сөзін 55 рет, «реформа» 70 рет айтқан еді. Осыдан-ақ қарап білуге болады, Қытай үкіметі ендігі жерде ұлттық қауіпсіздік, ұлттық мүдде мәселелерін басты орынға қояды. Ши сөзінде ҚКП жетекшілігі көңіл бөлетін ең негізгі екі мәселе: бірінші – геосаяси қауіпсіздік, екінші – идеологиялық қауіпсіздік екенін айтты. Бұның мәні өздігінен түсінікті болар. Ши билікке келгенге дейін коммунистік билік экономикалық дамуды бірінші орынға қойып келген.
4. «Тайуан (Тайвань) мәселесі – Қытайдың өз мәселесі».
Дәл осылай айтты. Енді Тайуан мәселесіне Қытай тіпті де қатаң ұстанымды сақтайды. Тіпті, кейбір болжауда алдағы 5 жыл ішінде бұғазда соғыс болуы мүмкін екенін де айтады. Бұның ықтималдығы жоғары, Бейжің Тайуанға деген қысымды тұрақты түрде жоғарлатады. Қысым қашан да агрессияға алып келеді. Тап осы Тайуан мәселесінде Ши «бұл коммунистік партияның жаңа ғасырлық міндеті және міндетті түрде жүзеге асатын іс» деп қайталады. Былтыр ҚКП 100 жылдығы болды, ол турасында Ши «біз партияның алғашқы ғасырлық міндетін табысты орындадық» деген. Ал, Тайуанды Қытаймен біріктіру Ши алға қойып отырған ҚКП-ның ендігі басты міндеттерінің бірі.
5. Жаһандық деңгейдегі армия
Халықтық-Азаттық армиясын жаһандық деңгейдегі қуатты армияға айналдыру бастамасын көтерді. Қауіпсіздік мәселесін басты орынға қойған Қытай ендігі жерде қорғаныс саласына инвестициялауды максималды деңгейге көтереді. Ресей-Украин соғысы және оның қазіргі нәтижесі Қытайға үлкен сабақ болғаны анық, Ши сөз арасында қорғаныс саласындағы ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жасанды сана технологиясын баса дамытуды атап кетті. Қытай қорғаныс саласында өзіне ең қажетті технологияларды мемлекеттік инвестициямен баса дамытады. Оның әсерінде АҚШ-тан тартып Жапония, Оңтүстік Корея, ОША елдері, Үндістан, Тынық мұхит елдеріне дейін қорғаныс саласын инвестициялау артады. Бұл тұрақты түрде жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіре береді.
6. Үшінші өкілетті кезең
Ши талассыз үшінші өкілетті кезеңге отырады (қандай да бір тосын жағдайлар болмаса). Съездің екінші күнінен-ақ, Қытайдың жоғары лауазымды тұлғалары, комиссиялар бір уақытта оның лидерлігі туралы үгіт-насихатқа ұқсайтын сөздер айта бастады. Былайша айтқанда адалдығын таныта бастады. Дегенмен, наразылық та жоқ емес. Биліктің жоғары эталондарынан болмаса да белгіл деңгейде қарсылықтың бар екені анық байқалып тұр. Бейжің қаласындағы үлкен көпірге Ши-ге қарсы плакат ілініп, бұл да бір елеулі оқиға ретінде тариха қалды. Ал, мемлекеттік БАҚ ондай наразылықтың бар екенін ешқашан айтқан емес, айтпайды да.
7. Билік фракцияларында Ши билігіне қарсы күштер бар ма?
Менше бар. Бұл жолы бұрынғы Қытай төрағасы 96 жастағы Жаң Зымын (Цян Цзэмин) мен сол кездегі премьер Жу Рынжи (Чжу Рунджи) съез алғасына қатыспады. Шимен бірге съезге қатыспаудың өзі қарсылықтың бір түрі деуге болады. Ал, Шиге орнын берген алдынғы Қытай төрағасы Ху болса жұртпен бірге Шидің баяндамасында қол соққан жоқ. Салқын отырды. Былай қарасаң бұлардың маңызы жоқтай көрінгенімен, бұл Қытайдың билік фракцияларындағы қайшылықтың біз ойлағаннан да күшті екенін көрсетеді.