Апта соңына қарай АҚШ президенті Жо Байден мен Қытай басшысы Ши Жінпің ( Си Цзиньпин) телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отыр Бұл осы аптадағы ең елеулі оқиғалардың бірі болуы мүмкін. Себебі, Байден мен Си телефонда Украина мен Тайуан (Тайвань) мәселесін де сөз етеді деген болжам бар.

Қоңырау кезінде екі ел басшысы АҚШ-Қытай арасындағы экономикалық бәсекелестікті бақылауға алу бойынша мәселелерді басты тақырып етеді. Бұны Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі өткен аптаның соңында мәлімдеген болатын. Дегенмен, Байден мен Си қазіргі халықаралық тәртіпте аса өзекті болып тұрған Украина мен Тайуан мәселесін де талқылайды. Ақ үйдің баспасөз жиынында екі ел басшысы тараптар үшін нәзік тақырыптарды сөйлесуге дайын екенін айтқан.

АҚШ пен Қытай қатынасы Трамп кезінен бастап суыды, сауда соғысынан кейін тараптар ашық бәсекелестікке бет бұрды. Ресей мен Украина соғысы қызып тұрған қазіргі кезде АҚШ-Қытай қатынасы халықаралық қатынастар мен геосаяси мәселелерді зерттеушілердің басты назарында тұр. Батыс тұрғысынан қарағанда, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке, халықаралық тәртіпке қауіп төніп тұрған кезде, Қытайдың Ресейдің түбегейлі қолдауы демократиялық әлем үшін үлкен соққы болуы мүмкін. Сондықтан да, АҚШ пен Қытай қатынасының қалай қарай дамитыны көп жұрттың назарында болары анық.

Дегенмен, Уашингтон мен Бейжің қатынасы әлі де алаңдатарлық деңгейде. Айталық, Тайуан тақырыбы екі ел ортасында барған сайын температурасы көтеріліп келе жатқан жарылғыш затқа ұқсап тұр. АҚШ лауазымды тұлғаларының Тайуанға сапарлай баруы жиіледі, ал Бейжіңнің қарсы айыптаулары да толастаған жоқ. Екі елдің лидері телефонда Тайуан тақырыбын сөз ететін болса, кейбір мәселелер бойынша тараптар ортасындағы қарым-қатынастар бетбұрысты күйге де өтуі ғажап емес.

The Qazaq Times