Алматылық энтузиастер түсірген «Бауыр» фильмі көрерменге жол тартты. Кинокартинаны 21 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрында көруге болады.
«Бауыр» - криминалды драма жанрындағы толықметражды фильм. Туынды шынайы оқиғаға негізделген. Картинада қиындыққа тап болып, одан шығу жолын іздеген екі жігіттің оқиғасы суреттеледі. Фильмнің желісі бойынша, криминалды әлемге түсіп, маңдай термен емес, оңай жолмен пайда табуды кәсіп еткен жігіт ақыры тұтылып, түрмеге түседі. Алайда, оған кіші бауыры көмектесіп, ағасын көлеңкелі әлемнен алып шығады. Ал сен, бауырың үшін не істей аласың?
Фильм режиссері әрі идея авторы Шыңғыс Әбдібек тырнақалды туындысының «бюджетсіз» түсірілгенін айтты: «Бұл кино арқылы жастардың қылмыстық жолға түспеуін, оның зардабы ауыр болатынын көрсеткіміз келді. «Ұрлық түбі – қорлық» деп тегін айтпайды. Сонымен бірге, отбасы құндылығын насихаттағымыз келді. Бауыры үшін жан алысып, жан беруге дайын жігіттің ерлігі баршаға үлгі болсын дедік. Фильмді жұрт көріп, бағасын бере жатар... Ал кино өз көңілімнен шықты. «Фильм «бюджетсіз» түсірілді, жігіттер энтузиазммен жұмыс істеді. Актерлер құрамына, сондай-ақ біздің командамызға қолдау көрсеткен барлық жанға алғысымды білдіремін»,- деді фильмнің режисері Шыңғыс Әбдібек.
Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында және Шу өңірінде өтті.