Кеше, 28 ақпанда АҚШ Мәскеудің Нью-Йорктегі БҰҰ миссиясында 12 дипломатын тыңшылық жасады деген айыппен қуғанын мәлімдеді.
Аталған ресейлік дипломаттарға АҚШ-қа қарсы тыңшылық жасады деген айып тағылған. АҚШ-тың БҰҰ-дағы миссиясының өкілі Оливия Далтон бұл туралы мәлімдемесінде: «Біз бұл әрекетті БҰҰ штаб-пәтері келісіміне сәйкес жасап жатырмыз. Бұл әрекет бірнеше айдан бері жүргізілуде», – деген.
Ресми мәлімдемелерде ресейлік дипломаттарға елден шығуға 7 наурызға дейін уақыт берілген. Артынша Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензия да мәлімдеме жасап: «Бұл АҚШ үкіметінің Біріккен Ұлттар Ұйымын қабылдаушы мемлекет ретінде Вашингтонның міндеттемелерін бұзған «дұшпандық әрекеті», – деп бағалады.
Небензя мәлімдемесінде ресейлік дипломаттардың қуылуы «қайғылы жаңалық» деп атаған. Олі бұндай әрекет БҰҰ-ны қабылдаушы елдің аталған халықаралық қауымдастық жарғысын көзге ілмеуі, қабылдаушы ел ретіндегі келісім мен Женева конвенцияларындағы міндеттемелерді елемеу деп айыптады.
Айта кетейік, БҰҰ миссиясындағы ресейлік дипломаттардың АҚШ жағынан қуылуы алғаш рет емес. Бұдан бұрын Трамп кезінде тыңшылық жасады деген айыппен де БҰҰ-дағы бірқатар ресейлік дипломаттар АҚШ-тан шығарылған болатын. Ол кезде бұрынғы ресейлік барлаушының Британияда улануына қатысты Уашингтон мен Мәскеу қатынасы шиеленісіп тұрған болатын.
Небензия сөз арасында: «Құрама Штаттар “бізге дипломатия, дипломатиялық шешімдер керек” деп үнемі айтады, Сүйте тұра, мұндай қызметтерге қатысу құқығымыз шектеліп келеді», – деген, сондай-ақ: «Біз бұл шешімге өкініш білдіреміз және осы шешім аясындағы оқиғаларды бақылайтын боламыз», – деді.