Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны шамамен 8,1 мыңға артып, жалпы есебі 681 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Осы сәрсенбіде рекордтық мәнде 155 адам көз жұмған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 5 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7769 адам, ал 4-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 413 адам тіркелді. Қазір елде 107,7 мың адам (КВИ+ бойынша 104 мың, КВИ- бойынша 3,4 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1507) және астана (1507) қалаларынан. Бұдан өзге Қарағанды (1038), Шымкент (549) эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Атырау (340), Ақтөбе (387), Алматы (300), ШҚО (305), Павлодар (303), Қостанай (265), Ақмола (260), Маңғыстау (200), Қызылорда (194), Жамбыл (173), БҚО (168), СҚО (160), Түркістан (113) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы бейсенбіде аурудан айыққан 7696 адам үйіне шығарылған. Сәрсенбіде жиыны 129 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 4-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 413 науқас есепке алынды. Сонымен қоса, 124 адам айығып шыққан, тағы 26 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 107 мың науқастың 30 мыңы ауруханада, 77 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1884 науқастың жағдайы нашар, ондағы 400 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 187 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада Қазақстанда бүгін «жасыл аймаққа» өткен Түркістан облысынан басқа барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 618,5 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 62,5 мыңға жақындады. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 681 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 12,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 6531, КВИ- / U07.2 – 3840, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,2 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,6 млн шамасында.