Америка Құрама Штаттары Ауғанстандағы әскери миссиясын 31 тамызда аяқтайды. Ақ үйде мәлімдеме жасап, Америка тарихындағы ең ұзақ соғысты тоқтату туралы шешімін тағы бір рет қорғаған президент Жозеф Байден осындай мәлімдеме жасады.

Байден сөзінде АҚШ-тың 20 жыл ішінде 1 трлн доллар қаржы сарып еткеніне және 2400 америкалық сарбаздың қаза тапқанынын баса айта келіп, қазіргі америкалықтарды 20 жыл бұрынғы саясатқа байлаудың мүмкін емес деген пікірін білдірді. 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Құрама Штаттар өзіне шабуыл жасаған террорлық топтарды «жазалау» мақсатында Ауғанстанға кірген еді.

Ақ үй басшысы сөзінде АҚШ ендігі басымдық беретін бағыттары ретінде  келесі пандемияға дайындық, Қытаймен экономикалық бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру және «климаттың өзгеру қаупіне» жауап беру деп көрсетті.

«Ұзақ мерзімнен алып қарағанда, біз өткен 20 жыл үшін емес, алдағы 20 жыл үшін күресетін болсақ, біз өз бәсекелестерімізбен шынайы кездескенде олардан күштірек боламыз», – деді Байден сөзінде.

Байден кезекті тележолдауын Ақ үйде жасады. Ол журналистерді қабылдаудан бірнеше сағат бұрын оның кеңесшілері Камала Харрис екеуіне Ауғанстандағы соңғы жағдайлар туралы есеп берген болатын. Ал, осы сейсенбіде Пентагон жасаған мәлімдемеде АҚШ күштері Ауғанстаннан шегіну процесінің 90 пайызын орындап болғанын айтқан болатын.

“The Qazaq Times”