Қазақстанда коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар қатары тағы 3049 адамға артты. Сәрсенбі күні 37 адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 8 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 2909 адам, ал 7-сі коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 140 адам тіркелді. Қазір елде 36,7 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 35 361, КВИ- бойынша 1362) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей астана (796),  Қарағанды облысы (321) және Алматы қаласында (420) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (210), БҚО (191),  Атырау (154), Павлодар (123), Ақмола (119), Маңғыстау (111) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 1781 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы сәрсенбіде жиыны 32 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 7 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 140 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, олар Алматы (18), Жамбыл (15) облыстары, астана (15), Шымкент (14), Атырау (14), Маңғыстау (9) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 62 адам айығып шыққан, тағы 5 адам көз жұмған.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 36 723 науқастың 11,5 мыңы ауруханада, 25 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 735 науқастың жағдайы нашар, ондағы 169 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 93 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Өткен күнгі дерек бойынша, вирустың таралу қатері жағынан астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе облыстары «қызыл аймаққа» енді. Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 448 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 57,5 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 505 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 424 адам (КВИ+ / U07.1 – 4576, КВИ- / U07.2 – 3481, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 336 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"