Еуроодақтың тұрақты өкілдер комитеті Беларуське кезекті мәрте санкция енгізу туралы шешімге келді.

Қара тізімге енген 80-ге жуық Беларусь шенеуніктері мен қауіпсіздік қызметкерлерінің Еуропадағы шоттары бұғатталды. Сонымен қатар жеті заңды тұлғанығ еуропалық кәсіпкерлермен байланыс орнатуына тыйым салынды.

Жақын арада бұл шешімді ресми түрде ЕО Кеңесі министрлік деңгейінде бекітпек. Еуропалық одақ санкцияларының бұл блогы ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді.23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болған. Осы жағдайдан кейін Еуроодақ пен АҚШ санкция енгізді. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.

Бұл халықаралық дәрежеде дау туғызды. Батыс елдері Беларусь билігінің әрекетін айыптап, журналисті босатуды талап етті. Сонымен қатар Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.

Айта кетейік, Роман Протасевич – «Еуропаның соңғы диктаторы» Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Соңғы кездері ол «Беларусь головного мозга» телеграм-арнасын да жүргізген. Кейіннен ел билігі Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны «террористер тізіміне» қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.

"The Qazaq Times"