Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Салливан Вашингтонға барды. Ол екі ел арасындағы ушыққан жағдай жөнінде президент Джо Байденмен талқы өткізбек.
Елші бейсенбіде Шереметьево әуежайынан Мәскеу-Лондон рейсімен ұшып, Ұлыбританиядан Вашингтонға бет алды. Осы апта ол Ақ үй басшысымен кездесу өткізеді.
Вашингтон мен Мәскеу байланысы Байденнің сұхбатынан кейін ушығып кетті. Америкалық АВС телеарнасына сұхбат берген Джо Байден «Сіз Путинді қанішер деп есептейсіз бе?» деген сұраққа «Иә!» деп жауап берген. Сұхбатта Мәскеудің 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны жайлы баяндаған америкалық барлау қызметінің есебі сөз болған. Байден егер Ресейдің сайлауға араласқаны расталса, оның арты жақсылыққа апармайды деп Путинге ескерту жасады. Аталған сұхбаттан кейін Ресей Уашингтондағы елшісін Мәскеуге қайтарды.
Кейіннен Путин Байденді диалогқа шақырып, «Россия-24» телеарнасы жүргізген трансляцияда «Америкалық әріптесімнің мәлімдемесіне келсек, ол айтқандай біздің шынымен де жеке таныстығымыз бар. Оған енді не дейін? Мен оған «деніңіз сау болсын» деп айтар едім. Бала кезде аулада бір-бірімізбен дауласып қалған кезде айтушы едік: «Кім біреуді жаман атпен атаса, өзі сол атқа лайық». Және бұл жәй балалар аузындағы мәтел немесе қалжың емес», – деді. Путин, сондай-ақ АҚШ-ты отарлау мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Жапонияны бомбалау, АҚШ-тағы әлеуметтік мәселелер, оның ішінде Black Lives Matter қозғалысы төңірегіндегі мәселелерді атап өткен.
15 сәуірде АҚШ президенті Ресейге санкция енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 16 сәуірде Ресей америкалық дипломаттарды елден шығаратынын хабарлады.