Қазір елде ауырып жатқан адамдардың ширектен аса бөлігі Алматы қаласынан. 40 мың науқастың 10 мыңдайы алматылық. Қырық төрт күннен бері «қызыл аймақта» тұрған қалада сәуір айындағы аурушаңдық тұтас наурыз айындағы жиынтық есептен асып түсті (наурыз айы – 9631, 1-22 сәуір – 14 525 науқас). Қалада бейсенбі күні 700-дей сырқат анықталды. Оның 613-інде симптомдық белгілері бар, 85-і симптомсыз.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 394 адам ауруханаға жатқызылған және 360 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.
Жалпы қалада 5954 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6060 орын болатын инфекциялық стационарларда 3792 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 105 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 900-дейі ауыр және 3118-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 215 науқас бар. 26 адам ӨЖЖ, 93 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 87 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.
Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни 1 ақпаннан бері мегаполисте 162 мың адам екпе алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 205 егу пункті мен 406 егу бригадасында 1827 медқызметкер жұмыс істейді.
Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 24 156 жағдай тіркелді.
БАӘ, Мысыр, Мальдив, Шри-Ланка, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыз бен 13 сәуір аралығында жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Бір жарым айда Алатау баурайына 687 рейспен 100 мыңдай жолаушы ұшып келген: 95 мың адам ПТР қорытындысымен, 4590 адам тест анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар саны күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны 5 сәуір күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болғанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтқан. Дегенмен карантин шарасы жеңілдегендіктен әрі жаңа штамның әсерінен он айда тіркелген кейстің жетеқабыл мөлшері кейінгі елу күнде тіркеліп үлгерді. Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 54 мыңға жетті. Мұның 44%-ы, яғни 24 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, кейінгі бір жарым айда 294 алматылық көз жұмған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 301 мыңға жуықтап, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 52 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 353 мыңға жеткен. Бірақ Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5895-і (КВИ+ / U07.1 – 3512, КВИ- / U07.2 – 764, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.