Астана мен Алматы қаласының денсаулық сақтау басқарма басшылары денсаулық сақтау министрлігінің жоспарынан бейхабар екенін айтады.
9 сәуір ОртКом алаңында өткен брифингте елорда қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов министрдің «алабөтен 63 мыңдық» дозасын білмейтінін айтты.
«Астанаға сәуір айында 287 мың доза жеткізу жоспарланып отыр. Оның 6 мыңы қазақстандық, қалғаны Қарағандыда өндірілген Гам-Ковид-Вак вакцинасы. Бізде басқа ақпарат жоқ», – деді ол.
Осыған ұқсас жауапты алматылық әріптесі Табынбаев та қайталады. Бір айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай отырған Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі 144,9 мың дозаның қайнар-көзінен беймағлұм.
– Алматы қаласына сәуір аааайында 300 мың вакцина бөлу жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген. Ақпаннан бері алға екі партясы Ресейде шыққан вакцина болды. Наурыз және сәуір айларында алынып жатқан екпе – Қарағандыда өндірілген. Жалпы басқа елдерде өндірілген вакцина Алматыға келеді деген ақпарат алғанымыз жоқ, – деді Нариман Табынбаев.
Аңтарылған басшы Алексей Цой аймақтағы жауапты мамандарын құлақтандырмаған немесе баяндамадағы дерек қате ме деген сұраққа мұндай деректі білмейтінін, барлық іс келісімшарт негізінде жүзеге асатынын жеткізді.
«Бұл ешқандай жалғанға жатпайды. Біз орындаушы қызметкер болғандықтан, нақты келісімшарт бойынша айтып отырмыз. Вакцина тапшылығы туралы барлығымыз білеміз. ...Басқа мемлекеттен алу дұрыс деп есептейміз», – деді Нариман Болтайұлы.
6 сәуір күнгі Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәуір айында елге «екпе алуға тиіс контингенттің 23,4%-ын қамтитын 2 млн доза» вакцина жеткізілетінін мәлімдеген. «Оның 1,5 миллионы Спутник V, 25 мыңы QazCovid-in және 500 мыңы өзге өндірушілердің вакцинасы» делінген министр баяндама-слайдында. Алғашқы транш сәуірдің 9-ы басталса, кейінгі кезеңдері 13, 23, 26, 28-іне жоспарланған. Бір қызығы, отандық вакцина QazVac-тың таратылу мерзімі айтылмады.
27 сәуірден бастап «өзге өндірушілерден» 0,5 млн доза алынады, алайда бұл қай елдердің қандай вакцинасы екені белгісіз. Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласына осы айда Спутник V-дің 316 мың, QazCovid-in екпесінің 3 мың және өзге өндірушілерден 145 мыңға жуық дозасы жеткізілмек. Ал астанаға 217 мың ресейлік және 3 мың отандық вакцина, сонымен қоса басқа өндірушілер 63 мыңнан аса доза алып келетіні хабарланды. Бұл деректі нақтыламақ болып бірнеше мәрте жауапты мамандарға сұрақ жолдадық. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылығынан брифингтерде бірнеше рет сұрадық. «Өзге өндірушілер» кімдер екені жайлы ешкім жауап бермеді.