Австралия Ресейден келген жеке тұлғаға және Қырым көпірінің құрылысына қатысқан төрт ресейлік компанияға санкциялар енгізді.
Австралия СІМ басшысы Марис Пейн мәлімдемесінде шектеу туралы шешім Канада билігімен бірге қабылданғанын айтты. Қазір Аустралияның Украина бофнша санкциялар тізімінде 168 жеке тұлға және 52 заңды тұлға бар.
Бұған дейін Канада Қырымның аннексиялауына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген. Санкциялар тізіміне «Гранд Сервис Экспресс» көлік компаниясының бас директоры Александр Ганов, «Мостотресттің» бас директоры Леонид Рыженкин, сондай-ақ «Ленпромтранспроект» кәсіпорны, «Беркакит Томмот Якутск темір жол құрылысы дирекциясы», «Қырым темір жолы» федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорны және сақтандыру компаниясы енгізілген.
2014 жылы 16 наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегінде Ресей күштерінің бақылауымен «референдум» өтіп, оның қорытындысы бойынша «халықтың 93%-ы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтағаны» жарияланған. Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп таныған. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталды. Содан бері бұл соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Батыс елдері Кремльдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптап, Қырымды Ресей жері деп мойындаудан бас тартты. 2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы соғысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.