Армения премьер-министрі сәуірде отставкаға кететінін мәлімдеді. Никол Пашинян бұл мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу үшін қажет формальді шара деді.
Пашинян оппозициялық фракция өкілдермен кездескен соң, елдегі кезектен тыс парламент сайлауын 20 маусымға бекіткен. Ал оған дейін Никол Пашинян премьер-министрдің міндетін атқара береді. Жергілікті заң бойынша жазға белгіленген саяси додадан кейін парламент жаңа министрді сайлауы тиіс. Егер екі тур кезінде де үміткерлердің ешбірі қажетті дауыс санын жинай алмаса, парламент өзін өзі таратып жібереді.
Қазір Армениядағы саяси ахуал ушығып тұр. Бас штабтың басшысын тағайындау премьер-министр Никол Пашинян мен президент Армен Саркисян арасында қайшылықтар туындатқан. Оппозициялық «Отанды құтқару қозғалысы» Саркисянмен кездесуге дайын, бірақ олар Пашинянның отставкасын талап етті. Қозғалыстың үйлестірушісі Ишхан Сагателян оппозицияның күн тәртібіне сәйкес, Пашинян отставкаға кеткеннен кейін мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізетін Уақытша үкімет құрылсын деген талап қойды.
Негізінен премьер-министр Никол Пашинян былтыр қарашада Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы Әзербайжанмен келісімге қол қойғаннан кейін елде оның отставкасын талап етушілер көбейген. Көптеген армян келісім шарттарымен келіспейді. Осы келісімнің нәтижесінде Армения Таулы Қарабақтағы біраз аумақты бақылау құқығынан айырылған және 1990 жылдары армян күштері жаулап алған жеті ауданды Әзірбайжанға қайтарған.
Оппозиция Таулы Қарабақ мәселесін шешуде Пашинянның жеңіліске ұшырағанын айтса, премьердің жақтастары сәтсіздікке премьермен бірге елді соғысқа дайындамаған әскери және бұрынғы басшылары да жауапты деп санайды.
Пашинянның отставкасын елдің бұрынғы президенттері де талап еткен. Ақпанда қарулы күштер бас штабы Пашинянды қызметінен кетуге шақырғаннан кейін ол елде әскери төңкеріс жасау талпынысы болғанын мәлімдеген.