Қырғызстан Жогорку Кенеші Конституцияның жаңа жобасын қарауға кірісті. Бұған дейін бір топ депутат негізгі заңның жаңа жобасын жасауды ұсынған.
«Кабар» агенттігінің мәліметінше, Қоғамдық талқылау үшін заңгерлер, ғалымдар, өзге де салалар мен қоғам өкілдерінен тұратын конституциялық кеңес құрылған. Конституциялық кеңес мүшелері жаңа жобаны екі айдан аса қарап, Жогорку Кенешке қайта жолдады. Конституцияның жаңа жобасының бұрынғыдан негізгі өзгешелігі - елді президенттік басқару үлгісіне көшіру туралы ұсыныс. Сондай-ақ депутаттар санын 120-дан 90-ға қысқарту ұсынылған.
Жаңа конституцияда елдегі сөз еркіндігі мен демократияға қауіп төндіретін бірқатар тармақтар бар. Айталық, заңдық нормада анық бекітілмеген «елдің имандылығына, қырғыздың ұлттық салт-санасына қайшы іс-шараларға шектеу қойылады» деген тармақтар кездеседі. Бұны кейбір қырғыз саясаткерлері билік басындағылардың демократия мен сөз бостандығын шектеуге мақсатында қосқан күмәнді ережелер деп санайды.
Қырғызстандағы саяси жағдайларды бағамдаған тәуелсіз сарапшылар бұл өзгерістердің елді одан бетер тығырыққа тірейтінін айтады. Сондай-ақ, 30 жыл біртіндеп болса да алға ілерілеп келе жатқан қырғыз демократиясы дағдарыстан кейін кері кетсе бұл аймақтағы демократиялық процестерге кері әсерін тигізеді деп санайды. Себебі, маңындағы авторитарлық режимдер ендігі жерде қырғызды мысал етіп, елдегі азаматтық қоғамның прогресін кері шегіндіруі мүмкін деген болжамдар бар.
Бұған дейін Қырғызстан қалаларында Констиуцияны өзгертуге қарсы наразылық акциялары өткен болатын.