АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаменті 13 қаңтарда стратегиялық іс-қимыл жоспарын жариялады. Аталған жоспарда Қытай Халық Республикасының Америка Құрама Штаттарына төндіретін қауіп-қатеріне жауап беру үшін иммиграциялық визалар, трансұлттық қылмыстар, экономика мен сауда және т.б. салалардағы ведомствоаралық, халықаралық ынтымақтастыққа баса назар аудару көзделген.
Ішкі қауіпсіздік департаменті Қытайды халықаралық ереже-тәртіптердің мүмкіндігіне сүйеніп, Құрама Штаттардың мүддесіне зиян келтірді деп айыптаған. Департамент мәлімдемесінде айтылуынша, Қытай ДСҰ-ға мүше болғаннан бастап халықаралық жүйеге кіру үшін әртүрлі дәстүрлі емес құралдарды пайдаланған. Айталық, АҚШ-тың иммиграциялық жүйесі арқылы ҚКП-ына жақтас мыңдаған адамдарды АҚШ-қа кіргізген; Ашық нарықта түрлі айла-шарқылар жасаған; Зияткерлік-меншік құқығын ұрлаған деген секілді айыптарды алға тартады.
Ал, бір күн бұрын жариялаған іс-қимыл жоспарына сай, Ішкі қауіпсіздік департаменті агенттіктері АҚШ-тың Мемлекеттік департаментімен тығыз жұмыс істей отырып, қытайлық студенттер, ғалымдар мен кәсіпкерлердің Құрама Штаттардың зияткерлік меншік құқығын ұрлауына, америкалық компанияларға зиян келтіруіне жол бермеу бағытында шаралар қабылдайды. Қытайдан келетін, әсіресе Қытайдың әскери-азаматтық интеграциялық академиялық және технологиялық бағдарламаларына қатысатын студенттерге, ғалымдар мен кәсіпкерлерге, Қытай Коммунистік партиясымен байланысы бар адамдарға өзге де иммиграциялық визаға жүгінушілерге иммиграциялық мәртебе бермеуді, соған қоса EB-5 инвестициялық иммиграция бағдарламасын қатаң бақылау күшейтеді.
АҚШ-тың аталған департаменті бұдан кейін америкалық университеттерден оқу бітіріп жатқан қытайлық ғалымдар мен инженерлерді «Таңдамалы практикалық оқыту» (OPT) бағдарламаларына қатыстыруды шектемек.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаменті бұл шараларға қоса, заңсыз мигранттарды, соның ішінде АҚШ-та заңсыз тұрып жатқан 40 мың 800 қытайлықты елден шығару керек деген шешім шығарған. АҚШ-тағы Қытайлық мигранттерді кері қайтару үшін Бейжіңмен келісімге келуге күш салмақ. Егер Бейжің бұл бойынша ынтымақтастықтан бас тартса Құрама Штаттар тарабы қатаң шаралар қабылдауы мүмкін.
АҚШ өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін Қытайдан төнетін қауіптерге қарсы кезекті шарасы аса ауқымды. Онда Қытайдан шығатын шекара аттаған есірткі қылмысына қарсы күрес те бар. Соған қоса, Қытайдың адам құқығына қарсы әрекеттері үшін жауапқа тартуды жалғастырмақ. Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болғанын ескере отырып, АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаменті Дүниежүзілік сауда ұйымы, Дүниежүзілік кеден ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік пошта одағы сияқты халықаралық ұйымдарға Қытайдың адам құқықтарын бұзғаны туралы фактілерді ұсына отырып, халықаралық және ведомствоаралық іс-қимылдарды алып бармақ.