АҚШ-та президенттік сайлауға бір айдан астам уақыт қалды. Биылғы жылдың басты саяси оқиғасы жақындаған сайын, сайлауға қатысты даулы мәселелер артқан. Осыған байланысты Американың 45-ші президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады.

ВВС агенттігінің жазуынша, Ақ үй басшысы ресми мәлімдемесінде сайлаудың әділ өтетініне күмән келтіріп, азаматтарға пошта арқылы дауыс бергенде абай болуға шақырған. Сонымен қатар Трамп егер сайлау қорытындысын Жоғарғы сот растаса, билікті қарсыласына бейбіт түрде беретінін айтты.

Трамп сөзінде: «Бюллетеньдерге өте мұқият болуымыз керек. Пошта арқылы дауыс беру сенімсіздік тудырады. Біз сайлаудың әділ өтетініне көз жеткізгіміз келеді. Бірақ мен оған сенімді емеспін. Естеріңізде болса, бір апта бұрын Хиллари Клинтон Джо Байденге қандай жағдайда да сайлау қорытындысымен келіспеңіз деп кеңес берген еді. Бұл туралы неге оған сұрақ қоймайсыздар?», – деді.

"The Qazaq Times"