Британия елдегі жанармайға тәуелді көліктерден құтылмақ. Ел билігі 2035 жылға барғанда бензин және дизель моторлы, тіпті гибридті көлік құралдарын жүргізуге толық шектеу кіргізбек.

Ағылшын мемлекетінде бұндай автокөліктерді шектеу туралы бұған дейін де айтылып келген. Бірақ, осыған дейін 2040 жылдан бастап шектеу қою туралы жобалары бар болатын. Жанармайға тәуелді көліктерді шектеу арқылы ел толығымен электр моторлы көліктерге ойыспақ. Бұндай мәлімдемені бұдан бірер күн бұрын Британия бас уәзірі (премьер-министрі) Борис Жонсон жасаған болатын.

«Климаттың өзгерісіне қарсы күресу әрекетін қаншалықты кешіктірсек, бізге соншалықты қауіпті. Сондықтан, қазір ең оңтайлы кез, біз әлем елдерін оятуымыз керек», – дейді Британия бас уәзірі.

Көліктерге шектеу қою туралы жобалар 2017 жылдан бастап айтыла бастаған болатын. Енді оған гибридті көліктер де қосылды. Дегенмен, ағылшын жұртында электр көліктер соншалықты көп емес. Былтырғы мәліметтерді келтіретін болсақ, елде 37,8 мың электр көлік сатылған екен. Бұл жалпы сатылған көліктердің не бары 1,6 пайызын ғана иелейді. Бірақ, электр көліктерінің сатылуының соңғы бірнеше жылдағы статистикалық көрсеткіштерін қарағанда санының біртіндеп көбейіп келе жатқанын көре аламыз.

Дегенмен бұл көлік өндірушілер мен мұнай алыптарын қатты алаңдататын үрдіс.

“The Qazaq Times”