Ауғанстанда қыркүйекте өткен президенттік сайлаудың алғашқы ресми қорытындысы белгілі болды. Сайлаудан соң Ашраф Ғани мен Абдулла Абдулла екеуінің тең түскені жарияланған еді. Екі саясаткердің көп жылдар бойы бәсекесіне нүкте қойылған тәрізді.
ВВС таратқан дерекке сәйкес, Ауғанстан сайлау комиссиясының төрағасы Хауа Алам Нұристани ел президенті Ашраф Ғанидің 50,6%-бен жеңіске жетіп, екінші сайлау мандатын сақтап қалғанын мәлімдеді.
Оның негізгі қарсыласы елдің премьер-министрі Абдулла Абдулла 39,52% дауыс алған.
Әсілінде сайлау 28 қыркүйекте өткен. Дегенмен Абдулла Абдулланың белсенді электротаты дауыс беруді заңбұзушылықтар орын алғанын айтып, ауқымды митинг өткізгеннен соң, дауыс санау процесі кешеуілдеген.
Абдулла Абдулла ресми қорытынды бойынша Жоғарғы сотқа жүгінетінін жеткізді. Оның сөзінше, өзінің 300 мыңдай дауысы ұрланған. Абдулла бірінші кезеңде жеңіп, екіншісінде Ғаниден қалып қойған болатын. Онда да наразылар күмән келтіріп, қорытынды кешігіп жарияланған.
Сайлауға қатысу көрсеткіші 2001 жылы тәліптер биліктен ығыстырылғаннан кейінгі ең төменгі деңгейде өткен: 9,6 миллион сайлаушыдан бар болғаны 2 миллионға жетпейтін азамат қатысқан.
БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Ауғанстандағы жұмыссыздық 25%-ға дейін ұлғайып, халықтың 55%-ы жоқшылықта тіршілік етуде. Билікке келген президент Ғани 40 жылдан бері соғыстан көз ашпаған, «Тәлибан» ұйымының ықпалы қайта күшейіп келе жатқан күрделі жағдайдағы аймақты басқармақ.
Ірі державалар мүдделерінің әскери текетіресі алаңына айналған Ауғанстан аймағында 1979 жылдан бері 3 миллионға тарта ауған (халқы мен әскерді қоса алғанда – ред.) соғыс салдарынан қаза тапқан.