Бүгін мәжіліс  «Ақжол» партиясының өкілі, депутат Азат Перуашев үкімет басшысына жолдаған сауалында Семей қаласына республикалық мәртебе беруді ұсынды.

Ол Алаш астанасы атанған тарихи шаһарға республикалық статус беруді Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында маңызы зор шешім болады деп есептейді.

«Осы орайда кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізген Абай рухының ордасы Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймын. Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның 3-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны 1 миллионнан асатын елді мекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан оған  республикалық мәртебе беру жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», – деді депутат өз сөзінде.

Бұған дейін Семей қаласының әуежайына қазақтың ұлы ақыны Абай есімін беру туралы өтінім берілген. Қазір құжатты республикалық ономастика комиссиясы қарап жатыр. Алашорда тарихында ерекше мәні бар көне шаһарда бүгінгі таңда 340 мыңға жуық азамат өмір сүреді.

Семейдің көрнекті нысандарының бірі - негізгі көпір. Фото: Wikipedia

"The Qazaq Times"