Қытай мен Британия арасында дипломатиялық қайшылық орнады. Өткен аптаның соңында, Британияның Қытайдағы елшілігі Жянсу провинциясында британиялық 4 азаматтық тұтқындалғанын және осы мәселеге байланысты екі ел арасындағы дипломатиялық қайшылықтардың күшейгенін растады.

Британияның Қытайдағы елшілігі 4 азаматының не үшін тұтқындалғанын ашып айтпаған. Алайда, Жянсу провинциясының полициясы өткен аптада есірткі сату қылмысымен 19 адамның тұтқындалғанын, олардың 16-сы шетел азаматы екенін мәлімдеген.

Қытайлық ресми ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, шетелдік 16 азаматтың арасында Шүйжоу (Xuzhou) қаласындағы EF Education орталығының шетелдік оқытушылар мен Қытайда оқып жатқан студенттер де бар.

Шет тілдері мен мәдениет алмастыру мақсатындағы EF Education орталығы 1965 жылы құрылған. Қазір әлемнің көптеген елдерінде білім беру орталықтары бар. Шүйжоу қаласындағы аталған орталық өткен аптада мәлімдеме жасап, бұл оқиға үшін Қытай тарабынан кешірім сұраған және мәселені шешу үшін билік тарабымен тығыз байланыста болатынын айтқан.

Соңғы бірнеше айда Лондон мен Бейжіңнің қарым-қатынасы нашарлай түсті. Британдық аға лауазымдылар қайшылықтың түпкілікті себебі екі ел арасында өткен ғасырдың 80-ші жылдары қол қойылған Гонконг тақырыбындағы екіжақты келісімдерге байланысты болуы мүмкін деп қарайды. Соңғы кездері Гонконгте Бейжіңнің саяси шешімдеріне қарсылық күшейіп, массалық ереуілдер жалғасып жатқаны белгілі. Бейжің билігі бұны сыртқы күштердің әсері деп қарайды.

“The Qazaq Times”