Қытай Солтүстік Кореяға болысты. Қытай басшысы АҚШ-ты Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды жеңілдетуге шақырған.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің кешегі мәлімдемесінде, Осакада өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Қытай басшысы Ши Жинпиң Бейжіңнің Корей түбегі мәселесіне қатысты ұстанымдарын АҚШ президенті Дональд Трампқа толықтай таныстырғанын растады. Қытай тарабы АҚШ-тан мәселеге қатысты икемділікті арттыру үшін Солтүстік Кореяға белгілі деңгейде мүмкіндіктер беруді, соның ішінде, экономикалық санкцияларды жеңілдетуді ұсынған. Диалог арқылы түсіністікті тереңдетуді өтініш еткен.
Солтүстік Корея талай мәрте ядолық және баллистикалық зымыран сынақтарын өткізді. БҰҰ тарабынан КХДР-ның бұл әрекеттеріне қарсы санкция енгізілген және оған Қытай да қол қойған болатын. Алайда, Бейжіңнің мәліметіне сенсек, қазір Солтүстік Корея бейбітшілік келісімдері үшін жақсы қадамдар жасауда. Сондықтан оған жеңілдіктер берілуі керек.
Жақында Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен АҚШ және Қытай басшылары жеке-жеке кездескен болатын. Қытайдың Солтүстік Корея мәселесіне байланысты АҚШ-қа бұндай талаптарды қоюы Қытай басшысының Пиоңяңдағы (Пхеньян)сапарының нәтижесі деуге болады. Қазір, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына байланысты Бейжің билігі Иран, Солтүстік Корея және Оңтүстік қытай теңізі секілді аймақтық, жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерде көбірек бой көрсетіп жатқаны белгілі.