Иран АҚШ долларынан толығымен бас тарту туралы бастаманы парламентке ұсынды. Жоба депутаттар тарабынан мақұлданса, АҚШ доллары Иран қаржы жүйесінен шеттетіледі.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Теһран басқа елдерді де осы бастамаға көшуге шақырып отыр. Дегенмен, АҚШ тарапы Иранның бұл қадамына алаңдаушылық білдірген жоқ. Дүниежүзінің жалпы ішкі өнімінде АҚШ үлесі 22% болса, халықаралық сауда-саттықтың  80%-дан астамы доллармен жүреді. Сол себепті ресми Уашингтон аталған көрсеткіштердің құлдырамайтынын айтты.

Екі ай бұрын Иран парламентінің депутаттары межлис спикеріне сыртқы және ішкі саудада доллар қолдануға толық тыйым салу бастамасын ұсынған болатын. Ел тұрғындарына қолдағы бар АҚШ валютасын риалға ауыстыруға жеткілікті мерзім берілді. Ресей, Қытай, Түркия және Үндістан халықаралық есептесулерінде де біртіндеп доллар қолданудан бас тарта бастады.

"The Qazaq Times"