Қырғызстан Міндетті медициналық сақтандыру қорының басшысы Марат Қалиев үкіметтің жасаған сынынан үш күннен кейін өз еркімен отставкаға кетуге өтініш берген. Бұл туралы KaktusMedia хабарлап отыр.
Қазіргі таңда қор басшысының мұндай шешімге келуіне қандай себеп болғаны анықталмаған. Оның үстіне өзі де басқа шаруалармен айналысамын деп басын аулаққа салғанға ұқсайды.
Неге? десеңіздер, 15 ақпан күні Қырғыз үкіметінің жиынында тек Қалиев қана сынның астында қалған жоқ. Сонымен бірге бірнеше шенеунікке де таяқтың бір ұшы тигендігі рас. Мысалға алар болсақ, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Қосмосбек Шолпанбаев, Мемлекеттік миграция қызметінің басшысы Болатбек Ибраймжанов, білім министрі Гүлмира Құдайбердиева мен қатар тағыда бірнеше шенеунік қатаң сынға ұшыраған болатын.
Аталған жиын барысында Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Шолпанбаев пен қор басшысы Қалиев грант қаржысына қымбат жол талғамайтын көліктер сатып алғандығы үшін сынның астына қалған. Қырғыз журналистері анықтағандай, аталған құзырлы орындардың басшылары сатып алынған көліктерді қызметтік атокөлік ретінде пайдаланып келген. Алайда, қымбат көлікке мінген Шолпанбаев Қырғызстандағы жедел жәрдем көлігінің жетіспеуіне бас қатырмаған сыңайлы.