ДАЙШ террористік ұйымының мүшелері Ирактың Киркук аумағындағы 19 адамды ұрлап кеткен. Олардың арасында жергілікті әкімшілік өкілі де бар. Бұл туралы Анадолу хабарлап отыр.
Түрік басылымының мәліметіне сүйенсек, ДАЙШ әскерлері Киркук аумағының оңтүстігінде орналасқан Решад ауылының 13 тұрғыны мен ауылшаруашылық техникаларын қолды еткен.
Бұдан бөлек, Ирактың Даба-әл-Жәдид ауылының екі азаматы мен Бара Бара ауданының 4 тұрғыны ДАЙШ ұйымының тұтқынына айналған.
Осыған байланысты Ирак Федералды полиция қызметкері Хұсейн Мәджіт қазіргі таңда лаңкестік топтың қай жерге жасырынғандығын анықтау операциясы жүріп жатқандығын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Дональд Трамп Сүрия еліндегі ДАЙШ ұйымын жеңіп, өз әскерін Сүриядан шығаратындығын мәлімдеген болатын. Ал, аз ғана қалған лаңкестік топ мүшелерін Түркия билігі жоятыны туралы сөз қозғаған. Алайда, АҚШ-тың жасаған мұндай мәлімдемесіне өкініш білдірген Франция басшысы Эммануэль Макрон француз әскерін әлі де болса Сүрия аумағында қалдыруға шешім қабылдады. Осылайша, Сүриядан ығыса бастаған ДАЙШ лаңкестік тобының мүшелері енді Ирак еліне қарай бағыт алған сыңайлы.