БҰҰ БА-ның (Бас Ассамблеясы) 73-сессиясында Иранның өз ұстанымын ашық білдіргенін, ал америкалықтардың БҰҰ-ның осы кезекті отырысында ешқандай да жетістікке қол жеткізбегенін шегелей айтқан Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің сөзі әлемдік БАҚ-тың қызу талқысына ұшырауда.
Нью-Йоркте өткен БҰҰ БА-ның 73-сессиясынан қайтарда тілшілер сұрағына жауап берген Рухани: «БҰҰ Бас Ассамблеясының биылғы отырысындағы ең маңызды тақырып — Иран Ислам Республикасы саясатының дұрыстығы мен АҚШ-тың озбырлығына баса назар аударылуы еді. БҰҰ сессиясында АҚШ-тың әлемдік сахнадағы жалғыздығы мен халықаралық ережелерге қайшы әрекеті кеңінен талқыланды. Бұны тек біз ғана айтып отырған жоқпыз. Түрлі елдер де бұны әртүрлі тақырыппен тілге тиек етуде. Тағы да айтамын, америкалықтар БҰҰ БА-ның биылғы сессиясында ешқандай жетістікке жете алмады. Тіпті, АҚШ президенті Дональд Трамп осы жиындағы мәлімдемесінде өзінің екі жылдық қызметін мақтай жөнелгенінде залдағылардың бәрі оған ду күлді. Американың барлық ақпарат құралдары бұны «АҚШ үкіметі мен ұлтын ұятқа қалдыру» деп санайды» , - деді.
Хасан Рухани БҰҰ БА сессиясында Иранның ұстанымын ашық жария еткенін айта келе, Иран, Қытай, Германия, Ресей және Ұлыбритания СІМ басшыларының Нью-Йорктегі ядролық келісімге қатысты жиыны туралы: « Бес ел Нью-Йоркте ядролық келісімшарттың толықтай жүзеге асырылуына қатысты міндеттемелерін жаңартты. ЕО, Иран және қаржылық байланыстарының жүзеге асырылуы үшін арнайы институттың құрылатынын айтты. ЕО Сыртқы істер бойынша жоғары комиссары Федерика Могерини осы механизмнің қараша айынан бастап қолға алынатынын ресми түрде хабарлады», - деді. Ол санымен қатар, көптеген ел басшыларының АҚШ санкцияларын құптамайтындықтарын, Иранмен жұмыс істегілері келетінін де атап өтті.