Қазіргі уақытта Италия мен Мальта елдері арасындағы егестің туындауына себеп болған мигранттар мәселесі көптеген ақпарат құралдарының басты өзегіне айналуда. Аталған екі елдің екеуі де ішінде 629 мигрант бар «Aquarius» гуманитарлық кемесін қабылдаудан бас тартуда. Осы кемедегі мигранттардың барлығы Жерорта теңізінде құтқарылғандар. Бұл туралы франциялық «lemonde.fr» агенттігі хабарлайды.
Бірнеше күн ішінде жүзеге асырылған алты құтқару операциясының нәтижесінде «Sos Mediterranee» үкіметтік немес ұйымына тиесілі «Aquarius» кемесіне 629 адам алынған. Олардың арасында 123 жеткіншек, 11 бала және жеті жүкті әйел бар.
Бұған дейінгі ақпарат бойынша, Сицилия жағалауы арқылы Италияға бет алған кемені Италия премьер-министрі Маттео Сальвини шекарадан өткізбеуге бұйрық берген. Ал, 10 маусым күні Мальта үкіметіне жеделхат жолдаған Сальвини, одан құтқарылған мигранттарды тасушы кемені қабылдауды үзілді-кесілді талап еткен. Сарапшылардың айтуынша, Сальвинидің осы қадамы Италияның заңсыз көшіп-қонушыларға қатысты саясатын көрсетеді. Алайда, Мальта жағы да Италияның бұл ұсынысын кері қайтарған. Бұл жағдай екі ел арасында келіспеушілік туындатумен қатар, Еуропадағы босқындар мәселесінің тағы да күрделене түскенін көрсетеді. Негізінен, ІІ Дүниежүзілік соғыстан бері Еуропа ең үлкен көші-қон дағдарысын бастан кешіріп отыр. Бұған Таяу Шығыс пен Африка елдеріндегі экономикалық мәселелер мен қарулы қақтығыстар себеп болуда. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметінше, жыл басынан бері Еуропаға ағылған босқындар мен мигранттардың саны 1 маусым күні 32 мың адамнан асқан.