Кеуіп кеткен Арал теңізінің орнында миллиондаған адамның өміріне кері әсер ететін экологиялық аймақ пайда болғаны белгілі. Осы мәселеге орай, Ташкентте өткен «Арал апатының салдарын азайтуға бағытталған ортақ қимыл» конференциясында Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры Ескердір Абдуллаев Аралдың көгалдандырылу жұмыстарының қолға алынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды «CA-NEWS» агенттігі.
Оның сөзінше, Орталық Азия елдері Арал апатынан сабақ алып, осыған ұқсас өзге де табиғи апаттардың алдын алулары керек. Аталған конференция барысында сөз алған Түрік Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) бағдарламасының үйлестірушісі Әли Ихсан Чаглар да Арал теңізінің тартылуы — тек Орталық Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің мәселесі екенін айтқан. Оның сөзінше, ТІКА кеуіп кеткен Арал теңізі хауызында экологиялық және әлеуметтік-экономикалық көптеген жобаларды жүзеге асырады. Осыған байланысты 100 гектар алаңдық аймақта көгалдандыру жұмыстары қолға алынады.
Айта кету керек, жыл сайын Арал теңізінің кеуіп кеткен аңғарынан ауаға 100 миллион тоннаға жуық шаң көтеріледі екен. Мамандардың айтуларынша, бұл — аймақта түрлі аурудың таралуына, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына әкеп соғады. Ендігі жерде, осы мәселенің бірыңғайлануына бағытталған шаралар Түрік Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) тарапынан жүзеге асырылмақ.