АҚШ-тың «Сад» зымыран қорғаныс жүйесін Корей түбегіне орнату мәселесі әлі де Қытай мен Оңтүстік Корея арасындағы ұзақ уақытқа созылған келіспеушілікке себеп болып келеді. Кеше Қытай СІМ басшысы Уаң И журналистермен кездескен кезде, екі ел арасындағы салқындық туралы ашық мойындады. Дегенмен, жақында екі ел бірдей уақытта баспасөз мәслихатын өткізу арқылы, «Сад» мәселесіне байланысты біртіндеп консенсусқа қол жеткізгенін айтты. Бұл туралы «People» басылымының ресми сайты хабарлады.

Уаң И сөзінде: «Қытай Оңтүстік Кореяның ұстанымдарына көңіл бөледі, әрі құрметтейді. АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі уақытша орнатылады. Бұлай болғанда ол Қытайдың қауіпсіздік мүдделеріне зиян келтірмейді. Біз сөзімізде тұрамыз, уәдемізді орындаймыз. Біз бұл мәселе екіжақты келісу арқылы оңды шешім табады деп сенеміз», – деді.

Қытай СІМ басшысы осыдан екі күн бұрын Қытай басшысы Ши Жинпиң мен премьер-министрі Ли Кычяң жеке-жеке Оңтүстік Кореяның президенті Мүн Жайнмен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты реттеп, ынтымақтастықты қалпына келтіру туралы нақты бағыттарды анықтаған. Бұған Мүн Жайн да келісім беріп, екі ел арасындағы келіспеушілікті барынша азайтып, алдағы уақытта Оңтүстік Корея мен Қытай арасындағы жоғары алмасуларға дайын екенін жеткізген.

Көп өтпей Оңтүстік Кореяның президенті Қытайға сапарлап бармақ. Ол сапарында Қытаймен бірқатар саладағы үзіліп қалған келісімдер мен ынтымақтастықты қайта жандандырмақ. Қытайдың Оңтүстік Корея және АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуы Солтүстік Кореяны оқшаулау саясатына дем бергені болып саналады.

“The Qazaq Times”