«Rodong Sinmun»-ның хабарлауынша, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Корей Халық армиясының 233-ші әскери бөлімнің арнаулы қосынының оқу-жаттығуын бақылады. Бұл – оның осы жылдағы алғашқы рет қарулы күштерді аралап тексеруі. Ол үздік нәтиже көрсеткен жауынгерлерге дүрбілі және автоматты винтовкалар тарту етті. Кейін жауынгерлерімен бірге естелік суретке түсті. Бұл туралы «Қытай ақпарат» сайтында жарияланды.
Ким Чен Ын әскерлер тұрағынан бастап, асхана, моншаларға дейін аралап көрді. Жауынгерлік жаттығулардың алаңсыз жүргізілуі үшін, олардың тұрмыстық қиыншылықтарын толықтай шешуді тапсырды. Ол: "Арнаулы қосынның мойнында аса ауыр жауапкершілік бар, өзіне міндеттелген бірнеше тапсырмаларға дайындалуы керек" дегенді қайталай тапсырған. Корей басшысымен бірге Корей халық армиясының генаралы Хван Бин, бас штаб бастығының бірінші орынбасары мен операцияға жауапты атқарушысы да бірге болған.
Ким Чен Ынның әр қимылын қадағалап тұратын, Оңтүстік Корея мен АҚШ үшін бұл қуантатын жаңалық емес. Биылғы жыл да, Корей түбегінде күрделі-қайшылықты оқиғаларға толы болуы мүмкін. Әсіресе, Солтүстік Корейдің құрлықаралық басқарылмалы зымыран сынағының мәреге жетіп қалуы АҚШ пен Оңтүстік Кореяны алаңдатып отыр. Бұл реткі "арнаулы қосындарды" аралап тексеру, Кореяның алдағы маңызды істерге дайындалып жатқанынан дерек береді.
"The Qazaq Times"