Америка Құрама Штаты Солтүстік Шығыс Азиядағы әскери күштерін барынша арттырып жатқан тұста, елдің президенті осы аймаққа алғашқы сапарын бастағалы отыр. Оңтүстік Корея жоғары лауазымдылары алаңдаушылық білдіріп, Солтүстік Кореяға қарсы әскери-әрекетті болдырмауға күш салуда. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа-ин сәрсенбі күні бүкіл мемлекеттік телеарналарда сөз сөйлеп: «Оңтүстік кореялық әскерлерге бөлінетін қаржы көбейтіліп, армия қуаты барынша артатын болады. Бірақ, Оңтүстік Корея ядролық қаруды қабылдамауы керек», – деді. Ол және: «Оңтүстік Кореяның басты міндеті – Корей түбегіндегі бейбітшілікті сақтау. Сондықтан барлық жағдайларда әскери қақтығыстардан аулақ болу керек. Корей түбегінде Оңтүстік Кореяның рұқсатынсыз ешқандай әскери әрекет жасалмайды», – деді.
Бұл соңғы 10 жыл ішіндегі Оңтүстік Кореяның әскери шығындарының ең жоғары шекке өсуі. Оған қарамастан ел президенті Оңтүстік Кореяның әскери басымдығын сақтауға уәде беріп отыр. Сонымен бірге, Мүн Жа-ин Солтүстік Корея ядролық мәселесін бейбіт жолмен шешуді басты орынға қойған.
Қазір Оңтүстік Кореяның жылдық әскери бюджет шығындарды 6,9 пайызға артты. Сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік үшін бөлінетін қаражатты да 10,5 пайызға арттырды.
АҚШ президенті келесі аптаның сейсенбі күнінде Оңтүстік Кореяға сапарлай келеді. Бұл оның Азия сапарының екінші кезеңі. Естеріңізде болса, Трамп Солтүстік Кореяға қарсы бірнеше рет әскери іс-қимыл жасау қатерін төндірген еді. Оған қоса Пиоңяңмен келіссөз өткізу «уақытты ысырап ету» деген секілді пікірлерді де айтып еді.