Ирактағы Күрдістан автономиясы Киркук аймағына мыңдаған әскерлерді орналастырып жатыр. Сақадай-сай дайындықпен, толық қаруланған әскерлер Ирак әскерінің мұнайлы аудандарды тартып алуға шабуыл жасау қаупі туындай қалса, территорияны қорғап қалу мақсатында қойылған. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
AP ақпараттық қызметінің хабарлауынша, Киркук аймағындағы әскердің жалпы саны 6 мыңға жуықтайды. Масуд Барзани жауынгерлерге: "Біздің тарапымыздан ешқандай эскалация болмауы керек. Біз тек шабуыл жасалған жағдайда ғана өзімізді қорғауға әрекет етеміз" деп бейбітшілікті сақтау маңыздылығын ескертті.
Осы тұста 25 қыркүйекте Тәуелсіздік үшін референдум өткізген Күрдістанға деген Орталық Үкіметтің қысымы артып отырғанын атап өткен жөн. Бағдад пен Күрдістан арасында Киркук қаласы және өзге де мұнайлы аудандарға қатысты даулардың бар екенін ескерсек, қазір табиғи байлығы басым аймақты әр тарап өз қол астына алуға мүдделі. Соңғы кездері Ирактағы мұнайдың көп бөлігі оңтүстікте өндіріліп жүргеніне қарамастан, солтүстіктегі Киркук қорының стратегиялық маңызы зор. Күрдістан автономиясы аталған қаланы 2014 жылы "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымынан азат еткеннен кейін қолына алған болатын.