АҚШ шенеуніктері Құрама Штат пен Ресей арасындағы «ашық әуе кеңістігі туралы шартқа» қарама-қайшы, Америка әуе кеңістігінде ұшатын ресейлік әскери ұшақтарға шектеу қоюға дайындалуда. Бұл екі ел арасындағы шиеленістің ең соңғы белгісі деп қаралуда. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы жазды.
«Ашық әуе кеңістігі туралы шарт» қырғи-қабақ соғысы кезінде екі ел қол қойған қару-жарақты бақылау, әскери ашықтық және өзара сенім туралы бірқатар келісімдердің бірі болатын. Келісімге қол қойған 34 ел бір-бірінің ашық кеңістігіне қарусыз ұшақтар арқылы кіруіне, қару-жарақтарды, әскери қимылдарды бақылауға рұқсат береді.
АҚШ пен Ресей арасында шарт бойынша келіспеушілік тамыз айында болған еді. Сол кезде бір қарусыз ресейлік әскери ұшақ АҚШ-тың ашық кеңістігіне кіріп, Уашингтон мен Нью-Йорк секілді Құрама Штаттың үлкен қалаларының кеңістігінде шарлау жасаған болатын. Алайда, АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, бұл оқиға АҚШ-тың Ресеймен жасасқан бұл шартқа шектеу қоюына басты себеп емес көрінеді.
Ақ үй жақтың пікіріне қарағанда, Ресей бастап «Ашық әуе кеңістігі шартын» бұзған. Себебі аталған ел үкіметі Балтық теңізіндегі Калининград әуе кеңістігі бойынша әуе шарлауын шектеген екен. АҚШ-тың ресми өкілдері бұл аймақта Ресейдің қару-жарақ пен құрал-жабдықтарын кеңінен қолданып отырғанына сенімді екенін жеткізді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Пентагон өкілдерінің мәліметіне қарағанда, АҚШ делегациясы Венада өтетін «Ашық кеңістік шарты» бойынша Консультативтік комитеттің отырысында екі жақты өтемақы шараларын жариялауды жоспарлап отыр. Аталған комитет шартқа қатысқан барлық елдердің лауазымдыларынан тұрады.
Ақ үй өкілінің бірі «АҚШ жақ Ресейдің аталған шартты қайта қарауын қалайды. Құрама Штаттың қойған шектеуі Ресейге осындай мүмкіндікті береді» деген пікірін білдірген. Ал, ресми тұлғалардың хабарлауынша, американдық лауазымды тұлғалар Аляска мен Гавайи әуе кеңістігінде ұшатын ресейлік әуе кемелеріне шектеулерді қарастырып отыр екен.
Ресей жақтың таратқан мәліметінде Канада, Грузия, Түркия және Құрама Штаттар «Ашық әуе кеңістігі туралы шарт» бойынша өз елдеріндегі әуе кеңістігіне өзге елдің шарлаушы ұшақтарының кіруін шектеу жөнінде шаралар қабылдады делінген.