Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі қарулы бүлікке шақырғаны үшін "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде Ресей Бас прокуратурасы хабарлады. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – 20 жыл. Бұл турала Азаттық радиосы жазды.

Жұма күні Евгений Пригожин "Вагнер" жауынгерлерін артиллерия мен әскери тікұшақ көмегімен атқылап жатыр деп Ресей қорғаныс министрлігін айыптаған. Оның айтуынша, осының кесірінен оның әскерилері қаза тапқан.

Жұма күні кешке Пригожиннің телеграм-арнасында дауысы сонікіне ұқсайтын адам "елдің әскери басшылығына қарсы" бүлік бастап, "әділдік орнататынын" мәлімдеді. Ол жұртты "қарсылық білдірмей берілуге" шақырды және қарамағында 25 мың сарбаз бар екенін ескертті. Бірақ елдің саяси басшылығын басып алу ойы жоқ екенін, "президент билігі, ішкі істер министрлігі, үкімет және басқа да құрылымдар бұрынғы қалыппен жұмыс істей беретінін" айтты.

Оның айтуынша, жұма күні "Вагнер" тобының көзін жою үшін" Ресейдің Дондағы Ростов қаласына қорғаныс министрі Сергей Шойгу келіп, қайта "қашып кеткен". Ресей қорғаныс министрлігі Пригожиннің атынан тарап жатқан ақпараттың бәрі шындыққа жанаспайтынын, тек арандату мақсатында таратылып жатқанын айтты.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша Мәскеу мен Дондағы Ростовта "Бекініс" жоспары басталған. Ростов көшелерінде әскери техника жүр, кей көшелер жабылған.

ВВС-дің хабарлауынша Мәскеуде ФСБ басқармасы мен әскерилер дабыл бойынша жұмылдырылған. Мәскеу мен Ростов арасындағы федералдық трассаға блокпосттар қойылған. Ресей астанасындағы мемлекеттік мекемелердің маңына күзет қойылды деген деректер бар. Кей сарапшылар Ресейде "азамат соғысы басталды" деген де пікір жазып жатыр.

Жұма күні жарияланған жарты сағаттық видеомәлімдемесінде Пригожин Украинаға шабуыл негізсіз болғанын, ел басшылығы Ресей халқын "алдап отырғанын" айтқан.